Шөкеев отставкаға кетуге өтініш берді

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев отставкаға кетуге өтініш берді. Ақпаратты облыс әкімдігінің баспасөз қызметі растағанын бірқатар порталдар жарыса жазды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Баспасөз қызметінің мәліметінше, облыс әкімі өтінішті 24 тамызда жазған. Еске салайық, 13 шілдеде сот Кентау қаласының бұрынғы әкімі Дәурен Махажановты пара алғаны үшін кінәлі деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айырған еді. Ал, елордада маусымда өткен брифингте Өмірзақ Шөкеев Кентау қаласының бұрынғы әкімі Дәурен Махажановтың кінәсі сотта дәлелденсе, отставкаға кетуге өтініш беретінін айтқан.

Өмірзақ Шөкеев Түркістан облысының әкімі болып 2019 жылдың ақпанында тағайындалды. Ол 1964 жылы Түркістан өңірінде дүниеге келген. Түрлі жылдары Қостанай облысының әкімі, Астана қаласының және Оңтүстік Қазақстан облысының басшысы болды. 2007 жылы Шөкеев Қазақстан премьер-министрінің орынбасары болып тағайындалды. 2011 жылдан бастап 2017 жылға дейін «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын басқарды. Сосын премьер-министрдің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі қызметін атқарып, кейіннен Түркістан облысының әкімі болды.