Қостанай облысының Әулиекөл ауданындағы өрт оқшауланды – ТЖМ

Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин айтты. Қызыл жалынның шарпыған аумағы 43 мың гектар. Жанып жатқан учаскелер жоқ, тек қалдық от ошақтарын сөндіру жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аманқарағай, Лесное, Озерное және Бағаналы ауылдарының аумақтарында қарауылдау жұмыстары басталды. Өртті сөндіруге 207 бірлік техника, 5 өрт сөндіру пойызы және жеке құрамнан 1800-ге жуық адам жұмылдырылды. Тікұшақтар әуеден 272 рет су шашты. Екі мыңнан астам адам эвакуацияланды. Олардың көбі өз үйлеріне оралды, қалғандары туыстарының үйінде. 124 адамға психологиялық-консультативтік көмек көрсетілді.

Юрий Ильин, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

- 2 қыркүйекте Әулиекөл ауданын шарпыған қызыл жалынды басып, оқшауладық. Жағдай толық бақылауда. Ошақтарды сөндіру және өрттің алдын алу жұмыстарын жалғастыру үшін мамандардан құралған топ ауданда қала бермек. Негізгі құрамында тек Қостанай және Ақмола облыстарының гарнизон қызметкерлері, Төтенше жағдай министрлігінің әскери бөлім мамандары, Қорғаныс министрлігінің 4 әуе борты мен инженерлік техникасы ғана болады. Қалған бөлімшелер кешке дейін жұмысын жүргізіп, тұрақты қызмет орындарына оралады. Алдағы 2 күн ішінде өртті сөндіру толық аяқталады.