Күршім, Зайсан, Алтай: ШҚО-да өршіген өрт тоқтар емес

Бүгінгі күнге дейін 5 мың гектардан астам аумақ қызыл жалынға оранды. Күршім, Зайсан, Алтай аудандарында тілсіз жаумен күрес жүріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ең үлкен аумақ Қатонқарағай ауданында тіркелді. Мұнда тілсіз жау шарпыған жер 1900 гектардан асады.

Эльмира Ахметова, тілші:

– Қатонқарағайда қызыл жалын Теректі шатқалынан басталды. Бастапқыда 40 гектардан астам аумақты шарпыған өрт, үшінші тәулікте 2мың гектарға жуық алқапқа бір-ақ тарады. Қызыл жалынмен күресуге 350-ден астам адам, 27 техника жұмылдырылған. Ең қиыны сол осы Үлкен Нарын орман шаруашылығында өрт басталған кезде барлық күш  көршілес Сенное орманшылығында қызыл жалынмен күресіп жатыпты. Сөйтіп ол жақтан бері келіп іске кіріскенше өрт те өршіп алған.

Архат Ахмеров, бас инженер:

Ең үлкен аумақ жатыр. Екі жерде жанып жатқан соң қиындық тудырып отыр. Екі аумағында екі орманшылықта өрттің бірінен соң бірі болуы. Адамдардың жартысын анда-мында апардық.

Осылайша құттқарушылар, полиция қызметкерлері, орманшылар және осы аудан тұрғындары тілсіз жауды сөндіруге бір адамдай ат салысып кетті.Мына азаматтар түнімен өрт ошағында жұмыс істеп келген орманшылар. Енді біраз тынығып, тағы да сол жаққа аттанады. Орманшы Төлеген Шерниязов өрт тұтанғалы әріптестерімен осында жүр. Таудағы жалынның етектегі ауылға түсіп кетпеуі үшін жанталастық дейді ол.

Төлеген Шерниязов, орманшы:

Бұта қараған қиын. Күндіз-түні осы жерде қонып жатырмыз.

Эльмира Ахметова, тілші:

Жел үрлеп өршіген жалынды тоқтатудың түрлі әдістері де қолданылған. Мәселен, кейбір жерлер арнайы жыртылып, айналма жасалды. Тағы бір амал ретінде, мінекей, өртке қарсы өрт қою әдісі таңдалыпты. Яғни жасыл желегі аздау белдеуден, жанып келе жатқан отқа қарай от жіберіледі де қайта өшіріледі. Осылайша қарсы жақтан келе жатқан жалынның жолы кесіледі.

Бүгін қауіп сейіліп, өрттің беті қайта бастаған. Дегенмен босаңсуға болмайды. Сондықтан, міне, таудың етегінде өртпен күресіп жүргендердің бір тобы қарауылда тұр.

Дамир Ахметжанов, өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі:

– Басылды дегенмен шоқтар болуы мүмкін жел соқса, шоқтары болуы мүмкін ұшып келіп, соның бәрін соңына дейін өшіріп бақылап кетуіміз керек қой біздің мақсат

Табиғат тамсандырған Қатонқарағайда осындай алапат өрт сирек болған еді.

Ділдар Қалиқан, Қатонқарағай ауданының әкімі:

Көп жылдардан бері осындай үлкен өрт болмап еді, енді биылғы ауа райының, табиғаттың құбылысына байланысты кішкене құрғақшылық бүкіл елімізде болып жатқан соң өкініш бар.

Эльмира Ахметова, тілші:

Қазір өрт жоғарыда, таудың биік тұсында. Біз ол жаққа тікұшақпен бармақшы едік айналаны тұман басып, мүмкіндік болмады. Ал тау етегінде қауіп жоқ. Бірақ бәрі қап-қара болып жанып кеткен.

Авторлары: Эльмира Ахметова., Жігер Бабаханов