Өскемендегі аулаларға заңсыз орнатылған тоспалар алынады

Өскемендегі коммуналдық кәсіпорындар үй аулаларына қойылған тоспаларды осылай арнайы техниканың көмегімен сүріп тастап жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың жұмысын учаскелік инспекторлар жіті бақылап жүр. «Бұлардың бәрі заңсыз орнатылған. Себебі тоспа қойылған жер тұрғындардың жеке меншігі емес», - дейді коммуналдық кәсіпорын басшылары.

Асхат Тәженов, коммуналдық кәсіпорын басшысы:

- Бізге қала тұрғындары мен жол полициясынан шағым көптеп түсіп жатыр. Өйткені бұл тоспалар қаламыздағы мекемелердің жұмысына кедергі келтіруде.

Бүгінге дейін Өскемендегі 160 аулаға тоспа қойылыпты. Жолдар онсыз да тар. Ал оны жауып тастағандықтан, арнайы техникалар өте алмайды.

Руслан Рақымжанов, Өрт сөндіру бөлімінің командирі:

- Өрт бола қалса, аулаларға кіру қиындайды. Тұрғындар тоспаны ашып, күтіп тұрмайды ғой бізді. Кірген күннің өзінде айналып шыға алмайсың. Жол жиегіне көліктерін қойып тастайды.

Басқару компаниясының өкілдері қаладағы тоспалардың бәрін алып тастауға болмайтынын айтып отыр. «Кей жерлерде олардың тұрғаны да өте дұрыс. Әйтпесе жүргізуші біткеннің барлығы көлігін көрінген жерге қойып кетеді»,- дейді. Бұл пікірді тұрғындар құптап отыр.

Шерзод Ахмедов, қала тұрғыны:

- Таңертең машиналардың барлығы осы жерге келеді. Бүкіл қаланың машиналары осы жерде. Содан біз шыға алмаймыз үйден. Мына жерге және ана жақтың жолына шлагбауым орнату керек міндетті түрде. Кешке жұмыстан келе жатқан кезде тоже үйге кіре алмай тұрамыз. Осындай жағдай бізде.

Қаладағы кей аулалар кондоминимум бойынша көпқабатты тұрғын үйлердің қарауына өткен. Сондықтан ол тұрғындарға тиесілі жер болып есептеледі. Болашақта олар аулаға ақылды шлагбаум қоюды жоспарлап отыр. Ол арнайы техникалардың дабылдатқышы іске косылған кезде өздігінен ашылады. Қалалық әкімдіктегілер әр үйдің мәселесі жеке-жеке қаралатынын жеткізді. Заңды орнатылғандарына тимейді. Ал құжаты дұрыс рәсімделмеген жерге қойылған тоспалардың барлығы алынады.

Денис Федченко, Өскемен қаласы әкімінің орынбасары:

- Арнайы техеникалардың дабылдатқышы іске қосылған кезде ашылатын ақылды тоспалар қойылса, біз оған тимейміз. Бірақ аулалар дұрыс заңдастырылған болуы тиіс.

Бүгінге дейін Өскемендегі 60 үйдің ауласына заңсыз орнатылған тоспалар алынды. Шенеуніктер қала тұрғындарының арыз-шағымы бойынша әрекет еткендерін айтады. Сол себепті ешқандай кикілжіңге жол берілмеген.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Вячеслав Ветлугин, Жігер Бабақанов