Оқ атқан Тараз тұрғыны жеті жылға сотталуы мүмкін 

Түн ортасында аспанға оқ атқан Тараз тұрғыны 7 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әлеуметтік желіде тараған видеода оның той кортежі келе жатқанда аспанға бірнеше мәрте оқ атқанын көруге болады. Желі қолданушылары тәртіп бұзушының полиция қызметкері екенін жарыса жазды. Алайда департамент бұл ақпартты жоққа шығарды. Оқ атқан адамның 28 жастағы қала тұрғыны екені анықталды. Ол уақытша жұмыссыз жүрген. Полиция департаментінің баспасөз қызметі мамандарының айтуынша, күдікті ішкі істер органдарында жұмыс істемеген. Ал оқ атылған «Сайга» маркалы аңшы мылтығы заң жүзінде осы азаматтың атына тіркелген.

Гүлсара Мұқтарқұлова, облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы:

Қазіргі уақытта қару тәркіленіп, сот-баллистикалық сараптамасы тағайындалды. Күдікті сот шешімімен үй қамаққа алынды. Оның кінәсі дәлелденген жағдайда үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімде бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылғанын хабарлаймыз.