Ресейліктер жаппай ЖСН алып жатыр

Ресейліктер жаппай ЖСН алып жатыр

Қостанай облысында көші-қон қызметіне тіркелетін шетелдіктер саны соңғы күндері үш есе артқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы бүгін арнайы брифинг өткізген осы салаға жауапты мамандар мәлімдеді. Мұндай жағдай Ресейде ішінара мобилизация жарияланғаннан кейін қалыптасып отыр. Көрші елдің азаматтары толассыз шекара асып жатқаны белгілі.  Брифингке қатысушылар облысқа Ресейден келушілер саны қаншаға артқанын нақты айта алмады. Халыққа қызмет көрсету орталықтарында да олардың қарасы көбейген. Соның салдарынан тіпті қаладағы орталықтардың бірі тек шетелдіктерге қызмет көрсетуге көшкен. Ресейліктер бұл жерден жеке сәйкестендіру номері, электронды қолтаңба және уақытша тұруды тіркеу құжаттарын алып жатыр. Шекарадан өткен шетелдікті қабылдап алушы жақ үш күн ішінде көші-қон полициясын хабарландыру арқылы тіркеуге тиіс.  Ал тіркеуге тұрмағандарды полиция анықтап тиісті шара қолданады.

Қайрат Дұтбаев, облыстық ПД Көші-қон полициясы басқармасының басшысы:

- Бұған дейін облыс бойынша күніне шамамен 50-100 шетелдік азамат тіркелетін. Соңғы үш күнде олардың саны 2-3 есеге өсті. Біз күн сайын мониторинг жүргізіп отырамыз. Сол көрші елден келгендердің 80-90 проценті Астана, Алматы сияқты ірі меагаполистерге баруға өтініш білдіріп жатыр.