Алматыда тұрғын үйге соғылған автобус жүргізушісінің жағдайы ауыр

Ол қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жүргізушіден бөлек жол апатынан зардап шеккен алты жолаушы медициналық мекемеге жеткізілген. Оның біреуі – бала. Дәрігерлердің қарауынан соң қоғамдық көліктің жүргізушісінен басқасы үйлеріне жіберілген. Олар амбулаториялық жағдайда ем алатын болады. Кеше автобус соққан – осы үй. Жұмахан Күдерин атындағы көшенің бойында орналасқан. Бұл баспанада Луиза Писаренко анасымен және 8 жасар сіңлісімен тұрады. Автобус келіп, соғылған сәтте отбасы мүшелерінің барлығы болған. Луизаның айтуынша, үйге жалғап салынған қосымша сарайда жуынатын бөлме мен дәретхана орналасқан. Қазір оның орны ғана қалған. Қатты соққыдан үйдің қоршауы түгелдей сүріліп қалған.   

Луиза Писаренко, қала тұрғыны:

– Біз бас кезінде ұшақ құлап түсті ме деп шошып кеттік. Сөйтсек, үйімізге автобус келіп соғылған екен. Аулаға кіріп тұрған автобусты көргенде тіптен қорқып кеттім. Тура сол жерде дәретхана бар еді. Соның алдында ғана сіңлім шыққан. Бізді анық құдай сақтады. Өзімізді ұмытып, автобустағы кісілерге көмектестік. Ішінде аяғы ауыр бір әйел болды. Жедел жәрдем келгенше, жүргізушіні шығарып алдық. Оның отырған жері қан жоса болып жатты. Жарақаты ауыр болса керек.

Расында қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының дәрігерлері автобус жүргізушісінің жағдайын ауыр деп бағалап отыр. Ал осында әкелінген 5 науқастың 4-уіне толық тексерістен кейін амбулаториялық ем қабылдауға кеңес берген. Тағы бір жолаушы мен кәмелеттік жасқа толмаған бала басқа медициналық мекемелерге жеткізілген. Олардың жағдайы қалыпты. Қазір ауруханада қоғамдық көлік жүргізушісі ғана жатыр.

Бауыржан Омаров, ҚЖШККА бас дәрігері орынбасарының м.а.:

– Бір науқас бас жарақатының ашық жарақатынан жансақтау бөліміне жатқызылды. Қазіргі таңда науқастың жалпы жағдайы өте ауыр. Керекті медициналық емдеуді барынша алып жатыр.

Жол апатына ұшыраған қоғамдық көлік «Олжас ЛТД» серіктестігіне қарайды. Автопарк мегаполисте 5 бағыт бойынша қызмет көрсетеді. 120 жүргізушісі, 50-ден аса автобусы бар. Ал ауруханада жатқан қызметкері автопаркте 2019 жылдан бері жұмыс істейді екен. Жасы 49-да. Жүргізушілік еңбек өтілі – 15 жыл. Автобус кеше кешкі алты шамасында Күдерин көшесімен оңтүстік бағытқа кетіп бара жатып, жеке тұрғын үйге соғылған. Аялдамадан 100 метрдей ғана ұзаған.  

Шыңғыс Байқадамов, серіктестік директоры:

Біздің паркте істеген кезде жүргізушінің тарапынан ешқандай жол бұзуға қатысты ешқандай тіркелмеді өрескел. Қазіргі уақытта істің қалай болғанын органдар бәрі тексеріп жатыр. Камералардың видеозаписьтерін қарап. Қазір біз білмейміз жағдайдың қалай болғанын, қалай жолдың шетіне шығып кеткенін. Оны органдар анықтап жатыр қазір.

Автопарк директорының айтуынша, автобус техникалық байқаудан, жүргізушісі медициналық тексерістен өткен. Ал қалалық полиция департаменті жүргізуші көлік құралын басқара алмай қалған деп отыр. Қазір осы жол апаты бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Сержан Жұмабаев