Көкшетауда мектептерге жарылғыш зат қойылғаны туралы жалған хабарлама түсті

Көкшетауда бүгін таң атпай бірнеше мектепке жарылғыш зат қойылғаны жайлы хабарлама келіп түскен.

Бұл туралы Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Мәліметке сүйенсек, алғашқылардың бірі болып №3 «Дарын» мектеп-интернаты тексеріліпті. Барлық оқушылар мен мұғалімдер қауіпсіз жерге шығарылып, оқиға орнында арнайы мамандар жұмыс істеген. Алайда, ғимараттан ешқандай жарылғыш зат табылмады. Дәл осындай жұмыстар поштасына дабылды хабарлама келген бас-аяғы 10 шақты мектепте жүргізілген. Абырой болғанда хаттағы айтылғандар жалған болып шықты, - дейді, полицейлер. Қазір білім ошақтарына ондай хабарламаны кімнің таратқаны анықталып жатыр.

Еркін Мәмбетов, Экстремизмге қарсы күрес басқармасының бастығы:

- Полицейлер халықты дүрбелеңге түспеуге және ресми ақпараттарға ғана сенуге шақырады. Сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 273-бабына сәйкес осындай жарылғыш зат бар деп жалған хабарлама таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеміз. Оның жазасы 5 мың айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұл немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру.