Ленин атындағы шахтадағы апат техногендік сипатта болған – Юрий Ильин

Ленин атындағы шахтада  техногендік апат болған.  Бұл туралы ТЖ министрі Юрий Ильин мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».   

Газ жарылып,  толқыны шамамен 1 шақырым жерде жұмыс істеп жатқан кеншілерді жазым еткен. Президент қаза болған кеншілердің отбасына көңіл айтып, құзырлы орындарға тиісті шараларды қабылдауды тапсырған еді.

Ленин атындағы шахта. Таң атқалы бері жақындарын іздеп көкірегінде үміті мен күдігі арпалысқан ата-аналар келіп жатқан. Бақытжан Зәйкешованың екі ұлы да осы кен орнында жұмыс істейді. Екеуі де кеше жұмысқа кеткен.   

Бақытжан Зәйкешова, қала тұрғыны:

- Екінші ұлым осында істейтін Ынтықбеков Мағжан, соны іздеді қайда деп. Қаза болғандар айтылған жоқ. Астында қалғандарды жазыпты соткаға болды. Басқа ештеңе айтпай тұр ғой.Түнде 12-де кірген.

Жүрегі қарсы айырылған ананың Мағжан атты ұлы дін аман. Бірақ бұл көңілге медеу болған жоқ. Себебі қайтыс болғандардың тізімінде үлкен ұлы Марғұлан бар екен. Ол не бары 26 жаста еді.

Мағжан Ынтықбеков, марқұмның інісі:

- Отбасы бар ма еді?

- Жоқ.

- Қанша ай болды осында істеп жүргеніне?

- 3-4 ай болған.

- Өзің де осында істейсің ба?-

- Иә, неше бала бар отбасында -3.

- Ол үлкені ма?

- Иә.

Апат жайлы ақпарат құтқару қызметіне түнгі сағат 3-тер шамасында келіп түскен. Оқиға орнына 6 бөлімшенің 35 құтқарушысы аттаныпты. Оған дейін жер астындағы 101 кенші жер үстіне шығарылған.

Жұмат Өкенов, «Кәсіби әскерилендірілген апаттық құтқару» ЖШС ҚОФ директорының орынбасары:

- Жер астына түсіп, барлау жұмысын өткізіп, ең бірінші 3 адамды таптық мерт болған. Одан кейін 1 сағаттан кейін қалған екі адамды таптық. Барлығы 5 адам мерт болған.  Олардың өз орындары болған жұмыс істеген. Бір орында екі адам, одан жоғары тағы екі адам ал бесінші адам ол мастер дейді, маршрутпен жүретін кісі болған ғой. Сол жерге келген ғой, сол кезде. Нарядты тексеруге.

Қазір кен орнында авариялық жұмыстар әлі де жүріп жатыр. Өрт ошағы сөндірілгенімен, тұтану бар. Сондықтан апат салдарын тексеретін сарапшылар кен орыны толық қауіпсіз болған кезде ғана түседі.

Юрий Ильин, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

- Жарылыс болған. Артынша тұтанған. Нақты себебі жайлы сөз қазғауға әлі ерте. Газ консентрациясы шамамен 5 процент болған. 4-тен 10%-аралғында болса бұл өте қауіпті деген сөз. Жарылысқа да осы себеп болған.

Қаза болған кеншілердің отбасына қазір психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. Алдағы уақытта оларға келісімшарт негізінде толық көлемді көмек көрсетілетін болады.

Жеңіс Қасымбек, Қарағанды облысының әкімі:

- Кеншілердің 10 жылдық айлығы беріледі. Қарыздары болса төленеді. Және компания ұсынысы бойынша әр отбасыға 1 пәтер алынатын болады.

Еске салсақ, тамыз айында өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті Ленин атындағы шахтаны тексеріп, 171 тармақ бойынша тиісті талаптардың бұзылғанын анықтаған. Кен орыны атауының өзінің әлі күнге ескі қалыпта сақталып отырғанына қарағанда, оның құрал-жабдықтарының қаншалықты жаңартылғаны жайлы сөз қозғаудың өзі артық. Себебі бұл Ленин шахтасындағы алғашқы апат емес.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:

- Еске сала кетсем, тұп-тура 16 жыл бұрын дәл осы Ленин шахтасында қауіпсіздік талаптарын өрескел бұзу салдарынан газ-метан жарылып, салдарынан 41 кенші қаза тапқан болатын. Қайғылы оқиға шамамен 620 метр тереңдікте болған еді. Бүгінгі қайғылы оқиғада газ-метан таралып отыр. 5-кенші қаза тауып отыр. Қайғылы оқиға сол кезден 200 метр тереңдікте, яғни 830 метр тереңде болған. 

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар