Қарағанды облысындағы 8 шахтаның жұмысы тоқтады

Қарағанды облысындағы 8 шахтаның жұмысы тоқтады

Ленин шахтасындағы апаттан кейін Қарағанды облысында 8 шахтаның жұмысы тоқтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Апат орнын зерттеп шыққаннан  кейін кәсіпорындардың жұмысы қайта жанданады. Зерттеу жүргізетін мамандарға жер астына түсу әлі қауіпті. Арнайы комиссия рұқсат беруін күтіп отыр. Бұл жөнінде төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мәлімдеді.

Ол облыс әкімімен бірге брифинг өткізіп, журналистердің сауалына жауап берді. Ал, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының өкілдері қатысуды қажет деп санамапты.   

Ал, осы уақытқа дейін 70 кенші қаза тапқан апаттық жағдайдағы шахта алдағы уақытта жабылмайды. Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек журналистердің сұрағына осылай деп жауап берді.  Болжам бойынша ондағы көмір қоры тағы 10 жылға жетеді.

Юрий Ильин, ҚР ТЖ министрі:

- Біз метанның концентрациясы бойынша объективті тергеу жүргізу үшін бірнеше тәуелсіз ұйымдарды тартамыз. Бұл шамамен бес пайызды құрады. Газдың шығу себебі неден болғанын арнайы комиссия анықтайтын болады.  Бұл шахтаны біздің техникалық қадағалау бөлімшесі тексергені белгілі. Бір апта бұрын метан концентрациясының жоғарылауы тіркелген. Бірақ дәл бұл орын қазіргі оқиға болған аумақтан алыс орналасқан.

АПАТТЫҚ ШАХТА ЖАБЫЛМАЙДЫ

Сондай-ақ тарихында 70-тен астам кеншінің өмірін жалмаған апаттық шахта жабылмайтын болды. Бұл туралы облыс әкімінің өзі мәлімдеді.

Ондағы көмір қоры тағы он жылға жетеді деп болжанып отыр. 

Жеңіс Қасымбек, Қарағанды облысының әкімі:

- Мамандардың дерегіне сүйенсек, бұл шахтада 10 млн тоннаға дейін көмір өндіруге болады. Орташа алғанда, егер жылына 1 миллион тонна жұмыс істесе, онда 10 жылға дейін бұл шахтаның жұмысы тоқтамайды.