Депутаттар Ленин шахтасындағы апаттың мән-жайын жіті зерделеуді талап етті

Қарағандыдан жеткен суық хабар қазақстандықтардың қабырғасын қайыстырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір депутаттар оқиғаның мән-жайын қатаң бақылауда ұстап отыр. Олар қайғылы оқиға қауіпсіздік шараларының төмендігінен болды деп санайды.

Рысқали Әбдікеров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Тиісті деңгейде бақылаудың да әлсіздігі болып тұр ғой енді. Бақылау болды ғой бірақ әлсіз болып тұр. Нашарлау боп тұр деп айтуымызға болады. Өйткені үлкен шахталарда, күнделікті тексеріліп отырмаса, күнделікті ат үстінде отырмаса болмайды. Бақылауды компанияның инспекторлары бар, еңбек инспекторлары, одан кейін біздің де мемлекеттік еңбек инспекторлары бар ғой. Қарағанды облысында министрліктің өкілдері бар. Соларда қадағалау керек. Соның өзінің ішіндегі адамдар енді күнделікті қадағалайтын адамдар ғой. Осылардан да кемшілік кетіп жатыр ғой.

Бұл мәселеге қатысты Сенат депутаттары Бас прокуратураға сауал жолдады. Олар мұндай жағдайда заңды тұрғыда кәсіпорын басшылығы мен құрылтайшысы қатар жауапкершілікке тартылатынын айтып отыр. Еңбек және өндіріс қауіпсіздігін сақтамаған жағдайда мекемелердің жұмысын тоқтату қолданыстағы заңда қарастырылған.

Қайрат Қожамжаров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Бір жағынан жабдықтарды жаңарту керек. Техникалық қауіпсіздікті сақтау ережелерін олар сақтау керек. Себебі әрқашанда айыппұлмен ғана құтылып кетіп жатыр. Дұрыс айтасыз. Ал енді қылмыстық кодексте бір заң бар. Егер осындай жағдайда құрылтайшылар немесе басшылар кінәлі болса және де осы салдары мен оларың іс-әрекетіндің арасында тікелей байланыс болса және олардың кінәсі болса олар қылмыстық әкімшілік және материалдық жауапкершілікке тартылады.

Депутаттар Шахтинскідегі апат орнында жұмыс істеп жатқан мемлекеттік комиссияның жұмысы ашық әрі жариялы түрде болу керек деп санайды. Оны Сенат қатаң бақылауға алды. Енді бұл оқиғадан кейін кәсіпорындарға қатысты заң қатаңдатылуы мүмкін.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Енді біз өз тарапымыздан әрі қарай осы комиссияның жұмысының нәтижелерін тосамыз. Ол ұзаққа бармайды деп ойлаймын. Тез арада жасалу керек. Өйткені ол созатын жағдай емес. Сондықтан біз осы комиссияның қортындысын көрейік. Егерде керек болса тиісті заңдарға өзгеріс енгізуге біз дайынбыз. Ол үшін біз мына комиссияның жұмысының нәтижелерін тосуымыз керек.

Депутаттардың сөзінен бұл жағдайдан кейін мәселе жылы жабылып қалмайтынын түсіндік. Олар қатаң әрі нақты шешім қабылдауға дайын отыр. Енді әліптің артын бағайық.

Авторы: Руслан Бақытбекұлы