Шымкенттіктер жүздеген ағашты заңсыз кескендердің ісіне наразы

Шымкенттіктер жүздеген ағашты заңсыз кескендердің ісіне наразы

Олардың айтуынша, үй ауласындағы жасыл желекті әлдекімдер түн жамылып келіп, кесіп кеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар жер телімін кәсіпкерлік мақсатында пайдалану үшін осындай әрекетке барған болуы мүмкін. Полиция кінәлілерді тапқанмен, оларға қатысты ақпарат беруден бас тартып отыр. Мәселенің анық-қанығын тілшімізден білейік.

Бір түнде жүздеген ағаштың түбірі мен шашылған бұтақтары ғана қалды. Табиғат жанашырлары қарағаш, терек, сәндік екпе тұқымдастарын отағандар заң аясында жауап беруі тиіс,- дейді. Өйткені көпжылдық жасыл желек тұрғын үй ауласының көркін кіргізіп, саясы мол саябақтай еді.

Көпқабатты тұрғын үй ауласы көгалы жоқ тақыр жерге айналды. Пәтер иелері бұған дейін ағашты кеспек болғандардың ісіне бірнеше рет тосқауыл болғандарын айтады. Алайда ол ісінен түк шықпады. Түн ішінде келгендер 129 ағашты түбінен кесіп, отап тастаған. Өйткені жайқалған жасыл  желек кәсіпкердің іс бастауына кедергісін келтіріпті.

Есболған Тойшиев, қала тұрғыны:

- Біз заңсыздыққа шыдап тұра алмаймыз. Біздің демалатын жеріміз. Бұл жерге бірнәрсе салынғаннан кейін бізден тыныштық кетеді. Бұл жерде жас балалар бар. Кәрі мен сияқты жасы келгендер бар. Біз қалай тыныш демаламыз.

Тұрғындар кесілген теректердің орнын толтыру үшін қаншама жыл қажырлы еңбек кететін айтады. Өйткені бұл ағаштар өткен ғасырдың соңына қарай егілген. Содан бері өздері күтіп, баптап келген.

Светлана Ирсалиева, қала тұрғыны:

- 1974 жылы осы тұрғын үйлер пайдалануға берілді. Мен ол кезде 18 жаста едім. Сол уақытта ата-әжеммен бірге аумақты көгалдандыру үшін көшеттерді ектік. Бұл сол ағаштар. Мен өзім содан бері оларды суарып жүрдім. Ал енді қараңыз қайтадан тақыр жерге айналды. Біз оларды қалай кесіп тастағанын да естімедік.

Бір тал кессең – елу көшет ек. Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының өкілдері заңсыз ағаш кескендерге осындай талап қойды. Мамандар тексеру жұмыстарын толық аяқтап, шығын көлемін анықтады. Барлық іс-құжат полицияға таптырылды.

Нұрсұлтан Сейітжанов, қалалық Жайлы ортаны дамыту басқармасының бөлім басшысы:

- Біздің қызметкерлермен жалпы 129 ағаш кесілгені анықталып, олардың жалпы келтірген залалы 4 миллион 13 мың теңгені құрады. Жасыл екпелерді күтіп – ұстау қағидасына сәйкес әр кесілген ағаштың орнын 50 еселенген көлемде компенсациялық отырғызу жасау керек.

Тұрғындар ағашты заңсыз кескендер жауапкершілікке тартылуы тиіс деп есептейді. Қазір қалған бұталардың көзін құртпасын деп күзетіп жүр. Ал полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтағанымен одан өзге ақпарат беруден бас тартып отыр.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов