Шымкентте түн ішінде ағаштарды отап кеткен адам ұсталды

Шымкентте түн жамылып келіп, көшедегі ағаштарды отап кеткен күдікті тергеліп жатыр.

Оған қатысты қылмыстық іс қозғалған. Күдікті бірер күн бұрын қарағаш, терек және сәндік екпелер, яғни бас-аяғы 129 ағашқа залал келтірген. Табиғатқа келген шығын 4 миллион 13 мың теңге. Бірақ мәселе ақшада емес, тұрғындар талай жыл күтіп, баптап өсірген бақтың бір түнде тып-типыл болғанына наразы. Ал әкімдік өкілдері бұл жер телімінің заңды иесі бар екенін айтады. Бірақ ол ағаштарды кеспес бұрын жауапты мекемеге хабарлап, рұқсат алмаған.    

Дастан Қожабай, қалалық ПД Абай аудандық пб анықтау бөлімінің бастығы:

- Шымкент қаласы №143 үйдің ауласында жасыл-желектерді қырқу жайты бойынша қазіргі таңда сол жердің иесі анықталды. Бұл баптың үшінші бөлігі орта дәрежелі қылмыс санаттарына жатады. Ол жерде үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан шектеп немесе бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Немесе айыппұл мөлшерінде өтем ақы төлеу жазасы көрсетілген.