Биыл елде 2,5 мыңға жуық есірткі қылмысы анықталды

Бұл туралы жауапты департамент өкілі Бақытжан Әмірханов мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның айтуынша, құқық қорғау органдары 4 ұйымдасқан қылмыстық топтың жұмысын тоқтатты. Оған мүше болған 32 азамат жауапқа тартылды. Барлығы 12,7 тонна есірткі тәркіленді. Ішінде 33 келі героин, 68 келі апиын, 507 келі синтетикалық заттар, 705 келі гашиш пен 4 тонна марихуана болды. Мамандар заңмен тыйым салынған заттарды әзірлейтін 55 зертхананы анықтаған. Сонымен қатар естірткі заттарын саудаға шығаратын интернет платформалармен де күрес жүргізіліп жатыр.

Бақытжан Әмірханов,  ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы:

- Есірткі саудасы көбінесе интернет арқылы және электрондық төлемдер арқылы жүзеге асырылады. Бұрынғы уақытпен салыстыруға келмейді. Бұрын қолма-қол сатылса, қазір телеграм арқылы сатылады. Жыл басынан бастап есірткі жарнамалайтын 2 мыңға жуық сайт бұғатталды. 1 жарымнан астам шектеу жасалды телеграм-мессенджеріне.