Астанада өрт оқиғалары көбейді

Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, былтыр елордада 664 дерек тіркелсе, биыл 748 рет түрлі нысанды от шарпыған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тілсіз жау 17 адамның өмірін жалмады. Оқыс оқиғалардың алдын алу үшін мамандар рейд шараларын ұйымдастырып жатыр.

Алматы ауданына жауапты мамандардың қарамағында 6,5 мың тұрғын үй бар екен. Барлығы да жеке секторда орналасқан. Жылыту маусымы болғандықтан үй-үйді аралап, өрт қауіпсіздігін барлығына жеке-жеке түсіндіру аса маңызды. Тағы төтенше жағдай қызметкерлері улы газды анықтайтын арнайы құрылғыны да орнатып береді.

Мұрат Мұқажанов, Астана қаласының тұрғыны:

- Айына бір-екі рет келіп, кетеді. Айтады не дұрыс емес, соны істеңдер деп. Қойған датчиктеріне рахмет! Бізге де ол пайдалы ғой.

Айта кету керек, төтенше жағдайлар қызметінің мамандары тек түсіндіріп, ескертумен ғана шектеледі. Қандай да бір бұзушылықтар болса, үй иесін жазалайтындай құзыреттері жоқ. Ал көбіне адамдар жадынама таратуға келгендерге есігін ашпайды – дейді, мамандар.

Алмас Ережепов, Алматы ауданы ТЖ басқармасы бастығының орынбасары:

- Үйді аралаған кезде үйлерін ашпайды есіктерін. Сол қиындық туғызады. Негізі қысты күні осылай аралаған кезде үйлерінде болмайды. Болмаған жағдайда біз екінші рет, үшінші рет жібереміз. Сол үйге кірмегенше біз қызметкерлерді жібере береміз.

Қазір елордада көптеген тұрғындар үйлеріне газ тартып алған. Пеш жағатындардың қатары азайған. Солардың бірі Нұрсәбит Есенғазин. Бірақ көгілдір отынға көшкенмен машақаты көп – дейді ол. Сондықтан уақытша салынған баспанасын қайтадан көмірмен жылытып жүр.

Нұрсәбит Есенғазин, Астана қаласының тұрғыны:

- Анау жерде времянкам бар. Оған газ қойдым. Ол не потянул, оны көмірге көшірдім. Үйде әйтеуір жылы, ұстап тұр. Газ не давит. Қысым жоқ. Мен оны жартысын бөліп қосып көргем, оның өзінде болмады. 

Жалпы айта кету керек, елордада өрт оқиғаларының саны артқан. Былтыр 664 болса, биыл 748 рет түрлі нысанды от шарпыған. Оның 251-і осы жеке секторда болған. Тілсіз жау 17 адамның өмірін жалмаған. Өсім 54,5 процент екен.

Авторлары: Риат Шони, Артур Горшняков