Екібастұздағы төтенше жағдай: себебі мен салдары қандай?

Екібастұз халқы қыстың алғашқы ызғарын ұмыта алмасы анық. Еліміздің энергетика орталығы атанған шаһарда 28 қарашада техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жылу электр орталығының жұмысында ақау шығып, бүтін бір қала - 150 мың тұрғын жылусыз қалды. Салдарынан саршұнақ аязда 130-дан астам көпқабатты және 100-ден астам жекеменшік үй жылу жүйесінен ажыратылды. Екібастұздықтар қыс қаһарына мінген сәтте төтенше жағдай режимін қалай бастан кешірді? Бұл туралы тілші материалында.

Екібастұз халқы қыстың алғашқы ызғарлы күндерін ұмыта алмасы анық. Еліміздің энергетика орталығы атанған шаһарда 28 қарашада техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Жылу электр орталығының жұмысында ақау шығып, бүтін бір қала 150 мың тұрғын жылусыз қалды. Салдарынан саршұнақ аязда 130-дан астам көпқабатты және 100-ден астам жекеменшік үй жылу жүйесінен ажыратылды. Екібастұздықтар қыс қаһарына мінген сәтте төтенше жағдай режимін қалай бастан кешірді? Бұл туралы тілші материалында.

Қарашаның 28-не қараған түні Екібастұз жылу орталығындағы қазандықтардың бірінде ақау анықталды. Салдарынан желілік су кетіп, бірнеше агрегат тоқтатылды. Бұл аздай, бір тәуліктің ішінде қаладағы жылу құбырларында бірден 15 ақау табылды. Олардың 14-і бірден табылып, жойылды. Жергілікті билік бір күнде «бәрі реттеледі» деп уәде етті. Алайда, жағдай ушыға берді. Жедел штаб құрылып, үкімет мүшелерінен комиссия да құрылды.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министтрінің орынбасары /30.11.22 ж./:

– Ертең кешкісін, ең кемінде әрі күні таңертең, осы мәселе бітеді. Содан кейін әр қала азаматы қалтасында қандай шығыны бар, жаңағы компаниялардың иелері толығымен қайтарады. Сол себептен осы жұмысты олар да анықтап жеке тұлғаларды, олардан арыз алу, барлығын есептеуді міндетті түрде жергілікті атқарушы орган өзіне алады.

Дегенмен ушыққан жағдай оңалмады. Қалған 17 көпқабатты үй жылусыз қала берді, ал орталық магистральдегі ірі ақауды табуға бірнеше күн өтті. 30 қараша күні үкіметтік комиссияның соңынан ҚР-дың Премьер-министрі де ұшып келді. Әлихан Смайылов әлеуметтік және тұрғын үй нысандарын аралап, жағдайды бағамдады. Сондай-ақ тергеу нәтижесі бойынша кінәлілердің барлығы жауапқа тартылатынын айтты.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

– Жұмыстардың созылуы мына су құбыры жердің астында орналасқаннан кейін су аққан, бұзылған жерлерін анықтау қиынға соқтырды. Апаттың себебі бұл – желілердің тозығы және ТЭЦ-тің басқару жұмыстарының сәтсіздігі. Және тиісті инвестициялардың салынбағаны. Және ТЭЦ иелерімен біз жұмыс жасап, осы жылыту маусымын олар толығымен тұрақты қамтамасыз ету керек және алдағы үш жылда тиісті инвестиция салу керек.

Бірақ жөндеу жұмыстары бір аптаға созылды. Төтенше жағдай режимі 11 күн бойы сақталды. Мыңдаған тұрғын жылусыз қалды, ішкі коммуналдық құбырлар істен шыға берді.

Жөндеу жұмыстарына еліміздің түкпір-түкіпірінен 200-ден астам маман тартылды. Жағдайды үскірік аяз қиындатты. Екібастұздықтар болса, бұған бей-жай қарай алмады. Олар да жөндеу жұмыстарына білек сыбана кірісті.

Ербол Оразбай, қала тұрғыны:

– Подвалға жылытқыштар қойдық, пушкалар қойдық, дизельді пушка әкеліп қойдық. Оның бәрін қараусыз қалдыра алмаймыз ғой. Пропан бар анда. Сондықтан, түні бойы, кеше сағат үшке дейін, мысалы, мен екіге дейін жүрдім, ауысып отырып, бүкіл үймен подвалда өрт шықпасын деп кезекшілік жасап отырмыз.

Тұрғындардың бірі суық үйлерінде қалса, кейбіреулері туыстарын жағалап кетті.

Илья Новожилов, қала тұрғыны:

- Пәтерімізден көшіп жатырмыз. Осындай суыққа шыдау мүмкін емес. Үйде су да, жылу да жоқ. Бауырыма да көмектесіп жатырмын. Екі баласымен көшеді.

Ерлан Ысқақов, қала тұрғыны:

- Балаларым кішкентай. Уақытша ауылдағы ата-анама баруға мәжбүрміз. Пәтер болса күннен күнге суып жатыр. Жылытқыштардың пайдасы шамалы.

Барар жері қалмаған тұрғындар суық пәтерлерінде қалды.  Сапура Қабыржанқызы – сол жандардың бірі. Жүріп-тұруы қиын болғандықтан, қарияның бар үміті осы жылытқышта. Төтенше жағдай кезінде қалалықтарға екі мыңнан астам жылытқыш таратылды. Бұл жұмыспен жежел штаб айналысты, оларға волонтерлер де көмекке келді.

Сапура Қабыржанқызы,  қала тұрғыны:

– Таңертең звондап, заявканы бергенбіз. Балалар әкеліп берді, балаларға рахмет. Денсаулықтары мықты болсын. Менде қант ғой. Білмеймін ғой, тоңа беремін. Жылынатын шығар, тосып отырмыз.

Қалада жедел түрде 14 жылыту пункті ашылды. Жылы орындар мектеп пен қонақүйлерде, тіпті, теміржол станциясында да іске қосылды. Мәселен, мына төрт вагон 36 орынға шақталған. Бір күнде 10-нан астам адам қонып кетеді.

Бақыт Омарбеков, жолсерік:

- Жергілікті тұрғындар келеді. жеке заттарын тастап кете алады. Біз қараймыз.

Араға бір апта өткен соң жағдай оңала бастады. Жұмыс бригадаларының саны артты. Осы күне зардап шеккен тұрғын үйлердің барлығына жылу берілді. Әкімдіктің мәліметінше, алдағы уақытта жылусыз отырған 40 үйде жағдай реттелу керек.

Аян Бейсекин, қала әкімі:

- Заңға сәйкес тұрғындардың материалдық шығындары өтеледі. Мемлекеттік оргындар комиссиялық тексеру жүргізеді, ал жауапты кәсіпорын өкілдері шығындарды өтеуге уәде берді. Біз, сонымен қатар, бұл шаралардың ашықтығын қамтамасыз етеміз. Әр пәтер бойынша ақау актілері толтырылады. Осы уақытқа дейін 600 өтініш түсті.

Десе де, магистральдық және орамішілік желілердегі температуралық параметрлерді теңестіру және реттеу жұмыстары жалғасуда. Коммуналдық жүйедегі жөндеу үрдістері 15 желтоқсанға дейін аяқталуы тиіс.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков