Атырау облысында өрттен зардап шеккен отбасыға арнап үй салынды

Қыркүйек айында Атырау облысы, Доссор кентінде көп пәтерлі тұрғын үйден өрт шығып, 4 отбасы баспанасыз қалған еді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Міне, жергілікті биліктің қолдауымен олар жаңа үйге  көшірілді. Қазір Доссорда салынағанына ғасырдан асқан 100-ге тарта көне үй бар. Біразынан өрт шығып, жаңбырдан құлап та жатыр. Ал құрылыс қарқыны өте баяу.

Тілсіз жаудан зардап шеккендердің бірі-Зайыровтар отбасы. Түс әлетінде оқыс шыққан өрттен 6 жаннан құралған отбасы дүние-мүліксіз, киім-кешексіз қалған. Бүгінде жартылай жанып, қаңқасы қалған үй 1911 жылы салынған екен. Көне ғимаратқа тартылған электр желісі тұйықталып, алапат өртке ұласады. Салдарынан 16 жаны бар 4 отбасы баспанасыз қалған.

Роза Зайырова, Доссор кентінің тұрғыны:

- Жұмыстан шығып үйге жеткенше үйдің шатыры, біраз жері өртеніп кетті. Біраз затым кетті. Қирағаны бар, сынғаны бар. Бергі шет жақтарынан ала алмадық. Шкаф, балалардың киім-кешегі, біраз заттарымыз қалды. Құжаттарымызды алып үлгердік.

Бүгінде Зайыровтар отбасы мұнайшылардың көмегімен жаңа баспанаға көшіп кірді. Сондай-ақ аудандық әкімдік әр отбасына 600 мың теңгеден көмек ақша бөлген, қосымша ауыл жастарының ұйымдастыруымен біраз қаражат жинап беріліпті. Осылайша, өртке кеткен дүниенің орны толды.  Бірақ Мақат ауданындағы тұрғын үй мәселесі онымен шешімін таппайтын сыңайлы. Қазір аудан бойынша баспана кезегінде 720 отбасы тұр. Ал құрылыс қарқыны баяу.

Бекәділ Жайкин, Мақат ауданы әкімінің орынбасары:

- Қазір аудан орталығы Мақат кентінде 2 үш қабатты 60 пәтерлік үйдің құрылысы жүріп жатыр. Ол тапсырылған жағдайда 120 отбасы баспаналы болады. Доссорда қазіргі таңда үй салынып жатқан жоқ. Алдағы уақытта демеуші компанияның көмегімен 60 пәтерлік 3 қабатты үй салу жоспарлануда. Алайда баспанамен қамту қажеттілігі туындайды

Осыдан 8 жыл бұрын дәл осы Доссор кентінде 7 пәтерлік үйден өрт шығып тұрғындары сарсаңға түскен еді. Ол да осындай тозығы жеткен ғимарат болатын.

Жалпы, Доссор кентінде осындай тозығы жетіп тұрған 98 үй бар екен. Оның алды өткен ғасырдың 11-40 шы жылдары салынған. Сондықтан жалпы аудан бойынша баспана мәселесін жаңартуға арналған кешенді бағдарлама керек сияқты. Әрине, әкімдік қолдан келгенін жасап жатыр. Дегенмен, жыл сайын иә өрт болады,  болмаса үй құлауы жиілеп кетті.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин