Қостанай облысында көпірді су шайып кетті

Қостанай облысының Герцен ауылындағы аспа көпірді ағынды су бұзып кетті.

Көлік жүретін бөгетті де шайып кеткен. Соның салдарынан ауыл тұрғындарының сырт әлеммен байланысы үзілді. Герцен ауылы ойпаңдау жерде орналасқан. Сондықтан жазық даладан аққан қар суы елді мекеннің шет жағымен өтетін сайға құйылады. Сарқырап тасыған су жылда көпірді бұзып кетеді екен. Жергілікті тұрғындардың айтуынша,  он шақты күнге қатынас үзіледі. Бұл күндері орталыққа тек қайықпен өте аласың. Оның өзі қауып-қатерге толы. Кеше бір сәби сырқаттанып қалып, ауыл халқы жұмылып, ана мен баланы арғы бетке әрең өткізген. Бүгін жергілікті тұрғындар өз күшімен бөгет жасап, жол өткелін қалпына келтірмек.

Талғат Қалмурзин, Айдарлы селолық округінің әкімі:

- Біз өзара сөйлесіп, келістік. Аспалы көпірдің тұсында шағын бөгет бар. Соны нығыздап бекіткіміз келеді. Қазір тасқын бәсеңдеп, су денгейі 1,5 метрге төмендеді. Амандық болса, түс ауа барлық техниканы алып, сол жаққа шығамыз. Кешке дейін бөгетті бітеп, жолды салып үлгіреміз деген ойдамын.