Оралда қоқыс полигоны 3 күннен бері жанып жатыр

Оралда қоқыс полигонында шыққан өрт әлі сөнген жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тұрмыстық қалдық төгілген алаң үш күннен бері жанып жатыр. Полигон қаладан 15 шақырымдай жерде орналасқан. Жеке секторларға қауіп төніп тұрған жоқ. Жел батысқа қарай соғып тұр. Егер бағыты өзгерсе, қаланы қою түтін тұмшалауы мүмкін. Өртті сөндіруге ведомствоның жеке құрамынан бөлек кәсіпорындардан да мамандар келген. Олар өртенген аумаққа топырақ төгіп жатыр.

Ерген Шабаров, қалалық ТЖБ бас маманы:

- Өрт сөндіру бөлімінен 1 техника, 6 жеке құрам, сонымен қатар топырақ тасып, төгуге жергілікті атқарушы органдар, ЖШС күштерімен 50 техника құрылып, жұмыстанып жатыр. Қиындатып жатқан жағдай, ол – ауа райының қатты ыссылығы. Алдағы бір-екі күнде өрт толықтай жойылады деп болжап отырмыз.