Ақмола облысында құны 130 млн теңгелік алтын ұрлағандар ұсталды

Степногорск қаласының аумағында алтын өндіруші кәсіпорын қызметкерлерінен тұратын қылмыстық топтың жолы кесілді.

Күдіктілер Ақсу кенішінен құрамында алтыны бар кенді ұрлау жүйесін көздегені анықталды. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. 

Қуандық Алпыс, ҚР ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы: 

- Қылмыстық ниеттерін жүзеге асыру үшін қылмыскерлер бейнебақылау жүйесімен қамтылмаған аймақтарды пайдаланып, ұрланған затты жұмыс киімінің ішіне жасырып алып шығуға тырысқан. Ұсталғандардан құрамында 4,5 келі таза алтыны бар 7 келі концентрат алынды. Тәркіленген заттың құны 130 млн теңгеден асады. Қылмыстық топтың мүшелері тергеу изоляторына қамалды. Қылмыстық іс аса ірі мөлшерде жасалған ұрлық фактсі бойынша тергеліп жатыр.