Ақмола облысында іздеуде жүрген 17 адам ұсталды
Ақмола облысында іздеуде жүрген 17 күдікті ұсталды.
Олар "құқықтық тәртіп" жедел алдын-алу шарасы кезінде қолға түсті. Барлығы тергеу изоляторына қамалды.
Он күнге жоспарланған рейд барысында бұрын жасалған 47 қылмыс ашылып, жеті мыңға жуық бұзушылық тіркелді.
Людмиланың үйінде күнде осындай жанжал. Жалғыз ұлы ащы сусынға тойын алып, үйдің берекесін қашырады. Шарасыз ана амалсыздан тәртіп сақшыларынан араша сұрауға мәжбүр болған.
Людмила, қала тұрғыны:
- Үнемі үйде жанжал шығарып, маған маза бермейді. Мен өзім екінші топтағы мүгедекпін. Күн сайын менен ішімдікке ақша сұрайды. Бермесем ашуға мінеді.
Ал, 37 жастағы ұлы осыған дейін де істі болған. Анасының арызынан кейін, үстінен әкімшілік іс қозалды. Әзірге уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұдан бөлек, рейд барысында арнайы есепте тұрған отбасылар тексерілді. Өңірде осы санаттағы 700-ге жуық жанұя бар. 153-і Көкшетауда тұрады.
Виктор, қала тұрғыны:
- Ішімдік ішудің мүлдем қажет жоқ. Себебі оның соңы жаман болады. Мен осыны түсіндім. Қазір мен балаларым үшін ішімдікті тастап, дұрысталып келемін.
Айыппұл төлеуден жалтарып жүрген, көлік жүргізу құғынан айырылған жүргізушілер де жазадан қаша алмайды. Оларды «Қорғау» камералары арқылы тез анықтайды.
Абзал Балтабаев, тілші:
- Жалпы жыл басынан бері өңірде көлік жүргізу құқығынан айырылған 300-ге тарта жүргізуші анықталды. Олардың барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, көліктері айып тұрағына қойылды.
Жалпы жедел алдын алу шарасына бір жарым мың полиция қызметкері жұмылдырылған. Олар осы уақытқа дейін 7 мыңға жуық бұзушылықты анықтаған.
Серік Әбутәліпов, полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары:
- Оның ішінде 442-сі түнгі уақытта кәмілеттік жасқа толмағандардың заңсыз өкілдерінің жүру фактісі, 82-і ұсақ бұзақылық, 400-ден астам түнде мас күйде жүрген азаматтар. Және үш мыңға жуық жол ережесін бұзған азаматтар ұсталды. Оның ішінде 57-і мас күйде автокөлік айдағы үшін.
Биыл аймақта қылмыс 24 пайызға азайған. Жергілікті тәртіп сақшылары алдағы уақытта осындай іс-шараларды көбейтуді жоспарлап отыр.
Абзал Балтабаев, Евгений Шинкаренко