Ақтөбе облысында жол апатынан 3 адам көз жұмды

Ақтөбе облысында жол апатынан 2 оқушы мен мұғалім көз жұмды.

Оқиға бүгін таңғы 8 шамасында Самара-Шымкент тасжолында болды. Полицияның хабарлауынша, Ырғыз ауданының  Құрылыс ауылы маңында «Toyota Alphard» автокөлігі мен «Volvo» жүк көлігі соқтығысқан. Балалар білім сайысына қатысу үшін жолға шыққан екен.

Өкінішке қарай, өңірде осындай оқиға жиілеп кетті. Түрлі шараға баратын балалардың қауіпсіздігі қорғалмайды. Ал жауаптылар сабақ алар емес.

Мансұр Есқожин, тілші:

- Аудан орталығына қарай Жаныс би ауылынан шыққан көлікте жүргізушіден бөлек, 5 оқушы мен 1 мұғалім болған. Олар республикалық пән олимпиадасының аудандық кезеңіне қатысуы тиіс еді. Алайда Ырғызға шамамен 50 шақырым қалғанда апатқа ұшырап, 3 адам қаза болды. Қалған төртеуі аудандық ауруханаға жеткізілді.

Рүстем Исаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Қазіргі 3 баланың жағдайы да орташа ауырлықта. Қазіргі уақытта жарақат алған балалар бойынша облыстық санитарлық авиация мамандарымен телемедицина өткізіліп, келесі емдеу-бақылау тактикасын шешетін боламыз.

Мансұр Есқожин, тілші:

- Ережеге сай мектептен тыс шараларға оқушылар мінген көлік полиция қызметкерлеріне ілесіп жетуі тиіс. Ол үшін білім ордасының басшысы тәртіп сақшыларына өтініш жазып, жолға шығатын машина техникалық тексеруден өтуі міндетті. Алайда бұл жолы балалар білім олимпиадасына бірнеше автокөлікпен шыққан. Алдын-ала даярлап, құқық қорғаушылар бастап барғаны аман-есен жетеді де, өз бетімен, ескертпей шыққан такси апатқа ұшырады.

Жайық Сұлтан, облыстық білім басқармасының басшысы:

- Бұл жерде ең бірінші мәселе қауіпсіздік шараларын сақтамау ықтималдығы бар. Оның енді полиция, құзырлы органдар зерттеп-зерделеу нәтижесінде анықтайды.

Ардана Саймағамбетов, облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары:

- «Екі және одан да көп адамдардың өліміне әкеп соқтырған жол-көлік оқиғасы» және де екінші қылмыстық іс қозғалды бізде. Бұл, яғни ҚР ҚК 141 бабы бойынша, яғни айтып өтейін «балалардың өмірі мен денсаулығын қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамаған үшін». Бұл қылмыстық іс аясында жауапты тұлғалардың жауапкершілігі анықталады.

Мансұр Есқожин, тілші:

- Айта кету керек, Ақтөбе облысында олимпиадаға аттанған оқушылардың апатқа ұшырауы алғаш рет емес. Тура бір жыл бұрын Темір ауданынан Ақтөбеге бет алған такси көлігі жолдан ұшып, 12 жастағы жеткіншек қаза болған еді. Воллейболдан жарысқа қатысуға шыққан 8 жас спортшы мен олардың жаттықтырушысы түрлі жарақат алды. Көлік жүргізушісі болса, соттың шешімімен 2,5 жылға бас бостандығынан айырылды. 

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков.