Шымкенттегі кісі өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды

Шымкентте Фосфоршылар сарайында болған адам өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Полиция департаментінің мәліметінше, жекеменшік құрылыс нысанының иелері абайсызда адам өліміне себепші болуы мүмкін. Қазір әл-Фараби аудандық полиция басқармасында сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Тиісті сараптамалар тағайындалды.

Айта кетейік, кеше кешкісін ондаған жылдан бері қаңырап тұрған мәдениет үйінің бетон жаппасы құлап, бір баланы басып қалған болатын. Оқиғаның тағы екі куәгері қауіпсіз жерге шығып, жедел жәрдем қызметіне хабар берген. Құтқарушылар 18 жастағы баланың денесін арнайы техникалардың көмегімен алып шықты.

Төтенше жағдайлар департаменті өкілдерінің сөзінше, бұл нысан апатты деп танылған. Ал қала билігі мәдениет үйін мемлекет иелігіне қайтару бойынша меншік иесімен келісім жасасқан. Нәтижесінде ескі нысанды көпфункционалды жастар сарайы ретінде қайта құру жоспарланған болатын.

Асқар Шәріп, қалалық ТЖД ресми өкілі:

- Қараусыз қалуына байланысты оның барлық құрылыс жобасы, сапасы толық төмендегеннен кейін оған негізі кіруге қатаң тыйым салынған болатын. Ашу барысында мәйіттің жарты метр тереңдікте жатқаны анықталды. Біздің авариялық құтқару қызметі, ТЖД 23 қызметкері және 9 техникасы, апаттар медициналық ортағының 3 қызметкері және 1 техникасы сол жерде авариялық құтқару жұмыстарын жүргізді.