Павлодар облысындағы автобус іздестіріліп жатыр
Төтенше жағдайлар министрі Павлодар облысындағы автобусты іздеу шаралары оңайға соқпай тұрғанын айтты.
Жер астында бос кеңістіктер бар. Демек, көлік тереңірек түсіп кетуі мүмкін. Сырым Шәріпханов: "Қазір іздеуге тартылған құтқарушылар мен басқа да қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек" дейді.
Еске салайын, бірнеше күн бұрын автобусқа мінген төрт құтқарушы "Майқайың алтын" кен орны маңында түтін шықты деген аумаққа аттанған болатын. Жол бойында көлік жұмыс істемейтін шахтаның тазарту алаңына түсіп кеткен. Артынша, екі адамның денесі табылды. Қазір автобус пен тағы екі адамды іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Сырым Шәріпханов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
- Қазір қазандық түбіне түсіп, автобусқа жету үшін ауыр техника жұмыс істеп жатыр. Автобусқа дейін шамамен 5 метр бар. Бұл оңай жұмыс емес. Сол себепті, нақты уақытын не мерзімін айта алмаймын. Жұмыс жүріп жатыр, бірақ арагідік тоқтайды. Себебі мамандар мезгіл-мезгіл геосканинг жүргізу керек. Жағдайдың қауіпсіз екеніне де көз жеткізіп отыру қажет.