Атырауда қоқыстан 20 тонна пияз табылды
Әлеуметтік желіде Атырау қаласындағы қоқыс полигонына 20 тоннадан астам пияз төгілгені жайында ақпарат тарады.
Анықтай келгенде өнім көкөніс егумен айналысатын бір ғана шаруа қожалығына тиесілі болып шықты. Ал тұрақтандыру қорындағы 5 мың тоннадан астам көкөніс пен басқа да өнімдер өз орнында.
Қоқыс полигонында тау боп үйіліп жатқан мына пияз өңірдегі «Агрофеликс» шаруа қожалығына тиесілі екен. Қожалық басшылығы бұзыла бастаған өнімді қоқысқа тастауға пәрмен беріпті.
Қазір жұмысшылар қоймада жиналған пиязды сұрыптап жатыр. Шаруашылық басшысының пайымынша, әлі де 20-30 тонна өнім шығын болмақ.
Енисей Юн, шаруа қожалығының жетекшісі:
- Қазір біз бүлінген пияздарды іріктеп, полигонға апарып тастап жатырмыз. Басқаша амалы жоқ. Жарамсыз нәрсені жұртқа таратпаймыз ғой. Малға да бере алмаймыз, улы саналады. Берген күнде де қасында мол су болуы керек ішетін. Кейбіреулер төгілген жуа тұрақтандыру қорыныкі деп жатыр. Бұл жалған. Оларға тіпті қатысы жоқ.
Тұрақтандыру қоры «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына тиесілі. Биыл аймақта әлеуметтік маңызы бар көкөністердің бағасын тұрақты ұстап тұру үшін облыстық бюджеттен әлеуметтік-кәсіпкерлік коорпорациясы арқылы 817 млн теңге бөлініпті. Ол қаражатқа алынған көкөністер сәуір айына дейін белгілі бір нүктелерде қолжетімді бағада сатылады, дейді жауаптылар.
Қайсар Құрманәлиев, «Атырау» ӘКК» АҚ департамент директоры:
- Тұрақтандыру қорына 5136 тонна көкөніс өнімі жеткізілді. Бұл көлем облысты 2024 жылдың сәуір айына дейін қамтуы тиіс. Ауыл шаруашылық тауарлары картоп пияз, сәбіз, қырыққабат қаланың 3 базарында және 3 аулалық сауда павилионында сатылады.
Жарамсыз көкөністі жою бұрыннан бар тәжірибе. Тек биыл бүлінген өнімнің мөлшері ауқымды болыпты. Сол себепті де көптің назарын аударса керек.
Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Амантай Мәтенов