Марқакөл ауданындағы ТЖ: азық-түлік пен дәрі-дәрмек тікұшақпен жеткізілді

Еліміздің шығысында бір апта бұрын ғана құрылған Марқакөл ауданында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды, деп хабарлайды 24KZ.

Себебі бұрқасын толастамай, кей жерлерде қардың қалыңдығы 2 метрге дейін жетті. Ауа райының күрт бұзылуынан тұрғындардың тіршілігі де қиындай түскен. Азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізу үшін әуе көлігі де тартылды.

Шекара бойында жатқан Марқакөл ауданында бір аптадан бері қар борап, толастамай тұр. Салдарынан ауыл арасында қатынас қиындады. Әлеуметтік желіде тараған бейнелерден адамның да, малдың да омбы қарға батқанын көруге болады.

Бақытбек Тұратауов, Төсқайың ауылының тұрғыны:

- Мұндай біздің Қабаның тарихында болмаған оқиға. Сол себептен дайындық қысқа болса да, өте қиын болып тұр. Малға шөп, жем, жол қатынасы. Өскеменнен шыққан ТЖМ-ның техникалары жете алмады.

Тұрғындар азық-түліктің таусыла бастағанын да айтып жатыр. Ал шұғыл медициналық көмек қажет болған Төсқайың елді мекеніндегі 71 жастағы әжейді тек әуе көлігі арқылы алып шығуға тура келді.

Рим Мендібаев, дәрігер-реаниматолог:

- Науқас сырқаттанғаннан бері біз жергілікті дәрігерлермен хабарласып, қажетті емдеу шараларын айтып отырдық. Олар қолда бар мүмкіндіктің бәрін қолдана білді. Қазір әжейдің жағдайы ауыр, емін жалғастырып жатыр.

Ал азық-түлігі мен дәрі-дәрмегі таусылған 3 ауылға да тікұшақ арқылы көмек жетті.

Мейіржан Әлібеков, Күршім ауданы әкімінің орынбасары:

- Төсқайың ауылындағы 1952 жылғы тұрғынымыздың науқастануына байланысты тікұшақпен арнайы дәрігерлер жеткізіліп, ол кісі облыс орталығына жеткізілді және де сол округке қарасты Шанағаты, Балықтыбұлақ, Бұғымүйіз ауылдарына азық-түлік пен алғашқы дәрі-дәрмектер жеткізілді. Бұл жағдай облыс және аудан әкімдерінің жіті бақылауында.

Ауылдарға қатынайтын жолды қардан тазарту үздіксіз жүргізіліп жатыр. Мамандар таяу күндері аяз сынып, ауа райының қалыпты күйге түсетініне сенімді.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Анель Есенбердина, Жигер Бабақанов.