Есірткі курьерлерінің жаңа айласы әшкереленді
Алматылық полицейлер есірткі курьерлерінің тағы бір қитұрқы әдісін әшкереледі.
Бұрын зиянды затты ағаш, бұталардың түбіне көмсе, енді босаған кофе стақанына салатын бопты. Бұл туралы қалалық полицияның баспасөз қызметі хабарлады. Құқық қорғау қызметкерлері арнайы іс-шара барысында синтетикалық есірткіні көтерме және бөлшектеп сатушыларды қолға түсірді. Олардан мефедрон синтетикалық психотроптық заты бар 36 бума тәркіленді. Тексеру барысында күдіктілердің жалға алған үйінен тағы салмағы 2 келіге жуық ұнтақты зат салынған 745 бума табылған. Ұсталғандар қылмыстарын мойындап, есірткіні көп мөлшерде Алматы облысының елді мекендерінен алғанын айтқан. Және оны кофе стақандарына салып, уағдаласқан орындарға қойып кетіп жүрген. Қазір қылмыстық іс Алмалы аудандық полиция бөлімінде тергелуде.