БҚО-да қар суы жолдарды шайып кетті

Батыс Қазақстан облысында еріген қар суы Ақжайық пен Жәнібек аудандарындағы жолды шайып кетті.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, бұл жағдай автокөліктердің жүріп тұруына еш кедергі келтірмейді. Жол учаскелерінің бірінде су өткізетін 3 құбыр бар екен. Қазір оқиға орнында кезекшілік ұйымдастырылған. Елді мекендерді қызыл су басады деген қауіп жоқ, дейді мамандар. Жалпы Батыс Қазақстанда мұндай 49 қауіпті жол учаскесі бар екен. Қазір барлық құтқару қызметі жоғары даярлықта тұр. Нақтырақ айтқанда жеке құрамның 4 мың маманы мен 1 мың арнайы техника сақадай сай. Синоптиктердің болжауынша аймақта қардың тез еруіне жауын-шашын мен күннің күрт жылынуы себепші болады.

ШҚО

Елдің шығысында да тасқынға қарсы күрес жұмыстары күшейген. Тасқын қаупін сейілту үшін шұғыл түрде әскери қызметкерлер де тартылған. Сарбаздар арықтарды, жолдар мен су өткізу арналарын тазалап жатыр. Жуырда осындай жұмыстардың нәтижесінде Қатон-Қарағай ауданында қауіп төндірген қызыл судың беті қайтарылды. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары жеке үйлердің аулаларынан 3 мың литрден астам суды сыртқа ағызған.