Ақтөбе облысының Темір ауданында 5 үй мен 25 ауланы су басты
Ақтөбе облысының Шұбарқұдық ауылындағы су тасқынына қарсы шараларға 200-ден астам адам және 34 техника жұмылдырылды, деп хабарлайды 24KZ.
Күннің күрт жылынуынан Темір ауданының орталығына қырдан аққан қар суы кіріп, 5 үй мен 25 ауланы басып қалды.
Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:
- Шұбарқұдық кентіне еріген қар суы кеше күндізден бастап келе бастаған. Алдымен ауыл сыртындағы күрежолдардың бойына жиналып, қарсы бетке өткен. Кейін зор екпінмен аққан су аудан орталығының 7 көшесін басып, жанындағы үйлерге де қауіп төндірген. Қазірдің өзінде бес бірдей баспанаға су кіргені анықталып отыр. Ал дереу тиісті шараларды қолға алған төтенше жағдай қызметі мен жергілікті әкімдік және өзге де мекемелердің бірлескен жұмысы әлі де қарқынды жалғасып жатыр. Кенттің әр бөлігінде су айдау және құммен бөгеп, бағытын бұрып жатыр. Қазірдің өзінде тек 5 мыңнан астам құм қабы қойылған.
Нұрғали Жүнісов, Облыстық ТЖД бастығы:
- Су басқан аулаларды қазіргі таңда 14 мотопомпа жұмыс жасап, аулалардағы суларды қауіпсіз жерлерге шығарып жатыр. Әрине, Қазгидромет мекемесінің болжамы бойынша бүгін тағы да, ертеңгі күндері Темір ауданында жауын-шашын болуы күтіліп отыр. Сол үшін біз қазіргі таңда Темір ауданына техникаларды жұмылдырып жатырмыз.
Мамандардың айтуынша, Темір ауданындағы жағдай әлі де күрделі. Себебі қазірдің өзінде жаңбыр жауып тұр. Әрі ертең де күн жылы болмақ. Мұнда Маңғыстау өңірінен де құтқарушылар тобы көмекке келетін болады. Ал үйлерін су басқан және өзге де келтірілген шығынды анықтау бойынша комиссия жұмыс істейтін болады. Бұдан өзге, Төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері көрші Байғанин ауданындағы жағдайды да бақылауда ұстап отыр.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалитев.