Оралда 2 үйді су алды
Орал қаласында толассыз нөсер жауып, кәріз сорғы станциялары қызыл суды айдап үлгере алмай жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Зашаған кенті мен Ескі әуежай шағын ауданында 750 үй түске дейін жарықсыз отырды. Енді қаланың бірнеше ауданына су беру тоқтатылды. Тасқын сумен күреске 350 адам жұмылдырылды.
Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:
- Жаяу адам өте алмас көлкіген су. Дәл қазір Орал қаласының көптеген көшелеріндегі көрініс – осы. Әлі еріп бітпеген қардың үстіне өткен түннен бергі толассыз нөсер қосылғанда көшелер Жайыққа, көліктер қайыққа айналды,
Облыс орталығында 2 үйді су алды. Бұл – брифингте берілген ресми ақпарат. Алайда шынайы ахуал айтылғаннан әлдеқайда алшақ болуы әбден мүмкін. Мәселен, бізге хабарласқан Шора батыр 28, Тайманов 76 мекенжайындағы мына екі үй де су басқан баспаналардың тізімінде жоқ. Үй иелері тиісті мекемелерге қоңырау соғудан шаршағандарын айтады.
Цветок Тумышева, қала тұрғыны:
- Кешеден бері қайда қоңырау шалмай жатырмыз. Әкімдік, апаттық қызмет, Батыссу, ТЖМ хабарластық, ешкімнен көмек жоқ. Қазір көріп тұрсыздар ғой, үй суға кетті. Қайда кетеміз, балаларды, немерелерді құшақтап қайда кетеміз?
Қала әкімдігі жанынан жедел штаб құрылған 15 наурыздан бері 600-ге жуық азамат көмек сұраған. Ал соңғы тәулікте телефонға тыным жоқ. Әсіресе Деркөл, Зашаған кенттерінде жағдай күрделі.
Тасболат Әбенов, Зашаған кентінің тұрғыны:
- Мына құбыр бітеліп қалған. Мұзбен қатып қалған ба, сол ақпай жатыр ғой. Оның бәрі өзімен жібергенде су ағып кететін еді. Мына тротуардан асып шарбақтарға кіріп жатыр. Не істерімізді білмей жүрміз.
Күні бүгін жүздеген ассенизаторлық көліктер жер үйлердің ауласы мен көшелердегі суды сорып жатса, коммуналдық мекемелер мен Төтенше жағдай департаментінің 350 қызметкері тасқынның алдын алумен айналысып жатыр. Дегенмен еріген қар суына жауын қосылды. Кәріздік сорғы стансылары жан-жақтан құйылған қызыл суды айдап үлгере алмай жатыр.
Жандос Дүйсенғалиев, қала әкімінің орынбасары:
- Егер жаңбыр әлі де қиындап, кәріз коллекторлары толып қалып, кәріздік сорғы стансылары күші жетпей жатса, онда суды уақытша ажыратамыз. Егер ажыратпасақ, қаладағы көпқабатты үйлердің, әлеуметтік нысандардың жертөлелері ағынды суға, жаңбыр суына толатын болады.
Әзірге өзендерде мұз жүре қойған жоқ. Дегенмен дариялардың деңгейі күрт көтеріліп жатса, Жайық, Шаған, Деркөл өзендерінің бойындағы саяжайларды су басуы ықтимал. Сол себепті қалада 27 құрама эвакуациялық пункт, тұрғындарды жатқызатын 4 орын әзірленіпті. Тек облыс орталығы емес, Бәйтерек, Бөрлі, Тасқала, Қаратөбе, Шыңғырлау аудандарында да қауіп бар.
Нұралы Мусиев, БҚО ТЖ департаментінің басқарма басшысы:
- Кейбір жерлерде мұз қарайды немесе мұздың үстінде су жүріп жатыр. Соңғы тәуліктегі көрсеткіш бойынша судың көтерілуі көп емес, 10-12 см құрайды. Қазіргі таңда су тасқыны енді басталды. Мұз кептелісі орын алатын жағдайларда мұз жарғыш бригада кезекшілікте отыр. Ауа температурасының көтерілуі мен жаңбырдың әсерінен жағдай қиындап кетуі мүмкін.
Облыс бойынша өткен тәулікте елді мекендерден 33 мың текше метр еріген қар суы сорылыпты. Тасқынға тосқын қоюмен 199 техника, 87 су сорғы құрал, 519 адам айналысып жатыр
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Е. Меңдіғалиев, Э. Аюпов.