Талғардағы өрт: ҚР ІІМ тапсырмасымен жедел-тергеу тобы құрылды
Алматы облысында кісі қолынан қаза тапқан Шерзат Болаттың отбасы тұрған үй өртеніп кетті, деп хабарлайды 24kz.
Аталған оқиғаға байланысты Ішкі істер министрінің тапсырмасымен жедел-тергеу тобы құрылды. Бірінші вице-министр Бауыржан Әленов Талғарға арнайы барды. Зардап шеккендер жоқ. Алайда үй толығымен жанып кеткен. Алматы облыстық полиция қылмыстық іс қозғады. Ал отбасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылады. Қылмыстық iс Бас прокурордың да бақылауына алынды. Қазір ведомствоаралық жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Ал баспанасы өртенген отбасыға тұрғын үйін қалыпына келтіруге көмектеседі. Жөндеу жұмысы аяқталғанша уақытша тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.
Бауыржан Аленов, ҚР ІІМ бірінші орынбасары:
- Жедел-тергеу тобы құрылды. Менімен бірге Ішкі істер министрлігінің өкілдері қызмет атқаруда. Бейнежазбалар тексеріліп, куәгерлерді анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қылмыскерлер ұсталып, жауапқа тартылатын болады. Қылмыстық іс министрдің ерекше бақылауында.
Айта кетейік, 4 қазанға қараған түні Талғарда 16 жастағы Шерзат Болат қылмыскерлердің қолынан қаза тапқан болатын.