Шымкентте бизнеске кедергі келтірген лауазымды тұлғалар жауапқа тартылды
Шымкентте кәсіпкерлердің ісіне кедергі келтірген екі лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды.
Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері мәлімдеді. Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері салықтық берешекті өндіру мақсатында шоттарды бұғаттап, қаражатты заңсыз түрде ұстап отырған. Осылайша, бизнес иелерінің 10 млн 800 мың теңгесін дебиторлық қарыз есебіне қосып, өндіріске алған. Осыған байланысты күдіктілер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, әрқайсысына 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды. Антикор өкілдері жемқорлыққа итермелейтін осындай 11 іске қатысты тексеру жүргізген. Қызметін асыра пайдаланушыларға жалпы сомасы 4 млн 800 мың теңге айыппұл салынды.
Жандос Бекасанов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма басшысы:
- Айыппұлдың ең төменгі мөлшері 100 АЕК, ең жоғарғысы 600 АЕК қарастырылған. Әкімшілік істер қысқартылған тәртіпте қаралып, айыппұл толығымен мемлекетке төленді. Жалпы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басты бағыты ол кез-келген құқық бұзушылықты алдын алу болып табылады.