БҚО-да полиция қызметкері жүргіншіні қағып кетті
Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауданында полиция қызметкері кісі қағып кетті, деп хабарлайды 24KZ. Аудандық полиция бөлімінің тергеушісі дүкеннен шығып, Mitsubishi көлігімен артқа қозғалған кезде жолда кетіп бара жатқан әйел кісіні аңғармаған. Ауыр жарақат алған жүргінші тілге келместен оқиға орнында көз жұмды. Қазір сараптама тағайындалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Жалпы бұл ауданда полиция қызметкерлерінің қатысуымен болған алғашқы қайғылы оқиға емес. Өткен жылдың қараша айында бұрынғы арнайы жасақ қызметкері ауыл фельдшерін ұрып өлтірген еді. Ал үш жыл бұрын Орал-Тасқала жолында удай мас тәртіп сақшысы жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, жол апатынан 51 жастағы әйел қаза тапқан болатын.
Ерлан Жақсыбаев, БҚО Полиция департаментінің анықтау басқармасының бастығы:
- Біздің полиция қызметкері авткокөлікті артқа қарай жүру барысында орын алып отыр. Қазіргі таңда медициналық куәландыруға сәйкес полиция қызметкері мас күйде емес. Сол күні полиция қызметкері уақытша ұстау орнына қамалды. Тергеу амалдары жүріп жатыр. Жұмыстан сол күні шығарылды.