Қазақстан мен Нигерия экономикалық қатынастарды кеңейтуге келісті

Қазақстан мен Нигерия экономикалық қатынастарды кеңейтуге келісті
ҚР Сыртқы істер министрлігі

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров Ифе Корольдігінің өкілі, «Қазақстан-Нигерия» бизнес кеңесінің атқарушы хатшысы Адени Адесоджи бастаған нигериялық бизнес делегациямен кездесті.

Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейту мүмкіндіктерін, сондай-ақ тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, көлік, логистика, IT және энергетика салаларындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады. Келіссөздер барысында Қазақстан мен Нигерия арасындағы саяси диалогты нығайтуға ерекше назар аударылды. Осыған байланысты 2025 жылғы қаңтарда Әбу Дабиде өткен «Тұрақты даму апталығы» халықаралық саммиті аясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Нигерия Президенті Болы Ахмед Тинубудың кездесуі аталып өтті.

Ә.Қуантыров Қазақстан мен Нигерия арасындағы ынтымақтастықты кеңейту үшін зор әлеует бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, Нигерия Қазақстанның Африка құрлығындағы байланыстарын кеңейтуге серпін беретін маңызды серіктес бола алады.

«Қазақстан мен Нигерия экономикадағы негізгі салаларда өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға үлкен мүмкіндіктерге ие. Біз сауда байланыстарын кеңейтуге, инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларды бірлесе дамытуға, сондай-ақ саяси диалогты тереңдетуге дайынбыз. Бұл бағыттағы жұмыстарымыз екі ел арасындағы әріптестікті нығайтып, бизнес пен экономикалық өсім үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынына сенімдімін», – деді Министрдің орынбасары.

Өз кезегінде А.Адесоджи Нигерияның Қазақстанмен екіжақты ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін айтып, Қазақстанның Орталық Азиядағы стратегиялық серіктес ретіндегі маңыздылығын атап өтті. Ол екі ел арасындағы экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейту бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер, жұмыс орындарын құру және технологиялық алмасуды дамытуға жол ашатынына сенім білдірді.

Сонымен қатар тараптар көлік инфрақұрылымы мен логистиканы дамыту мәселелеріне ерекше назар аударды. Қазақстанның халықаралық көлік дәліздеріне қатысуы Азия мен Африка арасындағы сауда ағындарын арттыруға ықпал етуі мүмкін.

Келіссөздер аясында 2025 жылдың ақпан айына жоспарланған қазақстандық делегацияның Нигерияға сапары талқыланды. Сапар барысында Нигерия Үкіметінің өкілдері мен іскер топтарымен кездесулер өткізіліп, басым салалардағы ынтымақтастық жобалары қарастырылатын болады. Қазақ тарапы бұл сапар екіжақты әріптестікті нығайту жолындағы маңызды қадам болатынына сенім білдірді.

Кездесудің қорытындысы бойынша тараптар диалогты жалғастыруға және ынтымақтастықты барлық деңгейде, оның ішінде салалық консультациялар мен бизнес-форумдар арқылы жандандыруға уағдаласты.

Анықтама: Ифе Корольдігі – қазіргі Нигерия аумағында орналасқан, бай тарихи және мәдени мұраға ие ежелгі мемлекеттердің бірі. Африкадағы ең көне корольдіктердің бірі саналатын Ифе йоруба халқының ата-баба жері және Африка өркениетінің маңызды орталығы ретінде танымал.

 

ҚР Сыртқы істер министрлігі