Қ.Тоқаев Ресей Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысын қабылдады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Сергей Шойгуды қабылдады.

Кездесуде қос мемлекеттің серіктестігі және өңірлік ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Сондай-ақ қауіпсіздік саласындағы ықпалдастықтың тиімділігін арттыру жайы қарастырылды. Мемлекет басшысы экономикалық байланыс табысты ілгерілеп келе жатқанын еске салып, қорғаныс саласындағы байланыс та ойдағыдай өркендейтініне сенім білдірді. Одан бөлек Ресей Президенті Владимир Путинге сәлем жолдады. Ал Сергей Шойгу кездесуге және өңірлік қауіпсіздікке қатысты өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік жасағаны үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сіздің сапарыңыз екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту тұрғысынан аса маңызды деп санаймын. Қарым-қатынасымыз қарқынды дамып келеді. Бұл ретте Ресей Федерациясы Президентінің былтыр қараша айында Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары айрықша мәнге ие. Елдеріміздің экономикалық байланыстары табысты ілгерілеп келе жатыр.