Орталық Азия мен Еуропалық Одақтың тұңғыш саммиті Самарқандта өтеді
Орталық Азия – Еуропалық Одақтың алғашқы саммиті Самарқанд қаласында сәуір айында өтеді.
Бұл туралы ұйымның Өзбекстандағы өкілдігі мәлімдеді. Келелі кеңеске Орталық Азия басшылары мен Еуропалық Одақ кеңесінің президенті және Еуропалық комиссияның жетекшісі келеді деп жоспарланып отыр. Жиында Орталық Азия елдері мен Еуропалық Одақтың саяси экономикалық байланысын арттыру көзделген.
Орталық Азия плюс форматындағы жиындардың соңғы жылдары жиілеп кетуі таң қалатын жағдай емес. Аймақ табиғи ресурсқа бай, экономиканың қозғаушы күші, адами капиталға оң бетбұрыс бар. Бұл ерекшеліктер алып державаларға өзінің саяси ықпалын жүргізуге жақсы мүмкіндік. Алайда Орталық Азия елдері жұдырықша бірігу арқылы екі жаққа да тиімді негізде ғана байланыс орнатуға болатынын аңғартты.
Антониу Кошта, Еуропалық Одақ кеңесінің президенті:
- Біз қазір аумалы-төкпелі заманда өмір сүріп жатырмыз. Еуропалық Одақтың міндеті бейбітшілік мақсатта әріптестермен үнемі байланыста болу. Осы ретте белсенділік танытып, мемлекеттермен алыс-берісті арттыру керек. Орталық Азия – Еуропалық Одақ саммиті біздің әріптестігімізді тереңдетіп, халықаралық заң талаптарын сақтай отырып, қауіпсіздікпен тұрақты дамуымызға серпін береді.
АҚШ-та билікке Трамп келгелі Еуропалық Одақтың салы суға кеткендей. Кәрі құрлыққа жаңа ресурс көздері қажет. Бұл ретте Орталық Азия елдерінде керектің бәрі бар. Инвесторларға қолайлы бизнес климат жасалған. Самарқандтағы саммитте энергетика, мұнай-газ, цифрлық ақпарат алмасу салаларына салмақ салынбақ.
Саидмұхтар Саидқасымов, Орталық Азия Халықаралық институты басшысының кеңесшісі:
- Әлемдік геосаясатта Орталық Азия елдерінің беделі өскенін байқап отырмыз. Екіншіден, біздің сыртқы саясаттағы экономикалық, сауда саттықтағы көкжиегімізді кеңейтіп, мүмкіндіктерімізді арттыруға жақсы себеп. Меніңше, бұндай форматтағы саммиттер Орталық Азия аймағы үшін өте қажет.
Орталық Азия + Еуропалық Одақ саммиті былтыр өтуі керек еді. Алайда Еуропарламенттегі сайлау оған кедергі болды. Самарқанд жиыны алдындағы Сыртқы істер министрлерінің кездесуі Ашхабад қаласында 4 наурызға жоспарланған.
Авторы: Дулат Нуркин