Дипломатиялық корпусқа визалардың жаңа санаттары таныстырылды

Дипломатиялық корпусқа визалардың жаңа санаттары таныстырылды

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі елімізде аккредиттелген дипломатиялық корпус, шет елдердегі ҚР мекемелері (бейнеконференц байланыс арқылы), сондай-ақ БАҚ өкілдері үшін Neo Nomad Visa, Digital Nomad Visa, B9 сияқты визалардың жаңа санаттарының артықшылықтары туралы брифинг ұйымдастырды.

Брифингке ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко, Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев, сондай-ақ Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Жасанды интеллект және инновацияларды дамыту комитеті төрағасының орынбасары Мирас Закиев қатысты.

Брифингтегі алғысөзінде Р.Василенко Neo Nomad Visa, Digital Nomad Visa және B9 сияқты визалардың жаңа санаттарын енгізу Қазақстанда тұрып, жұмыс істегісі келетін шетелдік азаматтар үшін мүмкіндіктерді едәуір кеңейтетінін атап өтті.

«Еліміз 80-нен астам мемлекеттің азаматтары үшін визасыз кіруді, 109 ел үшін жеңілдетілген электрондық визаны ұсына отырып, халықаралық кәсіпқойларды тарту үшін қажетті жағдайлар жасауда. Әуе қатынасын кеңейте отырып, Қазақстан 30-дан аса елге аптасына 700-ден астам халықаралық рейсті орындайды. Сондай-ақ мемлекет «ақылды» қалаларды іске қосып, жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізуді қамтамасыз ете отырып, цифрлық инфрақұрылымды белсенді дамытуда», – деп атап өтті қазақстандық дипломат.

Сонымен қатар Р.Василенко икемді визалық саясатты қолдану Қазақстанға ғана емес, оның серіктестеріне де қашықтан жұмыс істейтін кәсіпқойлардың салықтары мен ақша аударымдары, сондай-ақ елімізде жұмыс барысында жинаған дағдылар мен бірегей тәжірибе түрінде пайдалы екенін жеткізді.

Е.Еркінбаев өз сөзінде визаларды енгізудің уақыттылығы мен өзектілігіне назар аударып, «Қазақстан халықаралық қонақтар үшін ашық және қолжетімді бағыт ретінде өз рөлін нығайтуды жалғастыруда. Бұл ашықтыққа деген ұмтылыс туризм өсуінің негізгі факторына айналды. 2024 жылы Қазақстанға 15,3 млн адам келді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 66%-ға артық көрсеткіш», – деп атап өтті.

Neo Nomad Visa, Digital Nomad Visa және B9 сияқты визалардың жаңа санаттарын енгізу цифрлық көшпенділер мен білікті мамандар үшін тартымды бағыт ретінде мемлекеттің рөлін нығайтуға бағытталған, осылайша Қазақстанның жаһандық экономикаға интеграциялануына, туристік саланы дамытуға және білім мен мәдениетпен алмасу үшін қолайлы жағдайлар жасауға ықпал етеді.

Neo Nomad Visa (B12-1) цифрлық көшпенділерге, қашықтан жұмыс істейтін және еңбек қызметін саяхатпен біріктіретін шетелдік азаматтарға арналған. Визаның бұл түрін енгізу Қазақстанның туристік бағыт ретінде танылуын және қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Digital Nomad Visa (B9-1) кез келген елден келген «цифрлық көшпенділерге», атап айтқанда мамандарға (фрилансерлерге, өзін-өзі жұмыспен қамтыған кәсіпкерлерге, стартаптардың негізін қалаушыларға) Қазақстанда ұзақ уақыт болуға бірегей мүмкіндік береді.

Residence Visa (B9) елге медицина, ғылым, инновация, білім беру және шығармашылық индустрия сияқты салаларда арнайы дағдыларға ие шетелдік мамандарды тарту үшін арнайы әзірленген, бұл виза шетелдік азаматтарға елде 90 күнге дейін болуға мүмкіндік береді.

Дереккөз: Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі