Қазақстандық бітімгерлер елге қашан оралады?

Бүгін қазақстандық бітімгерлердің Сирия аумағында жүргеніне тура 11 ай.

Осы уақыт аралығында әскери қызметшілер Голан жоталарында 200-ден астам жарылғыш затты залалсыздандырған. Қазір даулы аймақтағы ахуал қалай? Бітімгерлер елге қашан оралады?

Голан жоталары Сирия мен Израиль арасында орналасқан даулы аймақ. БҰҰ қос елдің алауыздығын өршітпеу үшін бейбіт миссияға 13 елдің бітімгерлерін тартты. Арасында қазақстандық 139 жауынгер бар. Олар былтыр наурыз айынан бері өздеріне жүктелген аймақтарды патрульдеу, тосқауыл бекеттер ұйымдастыру, бітімгерлік базаны күзету мен бейбіт келісімдердің сақталуын қамтамасыз етуде.      

Нұржан Нұрбекұлы, жедел штабтың офицері:

- Жағдай тұрақты. Екі елдің арасында ешқандай қақтығыстар болып жатқан жоқ. Біз өз тапсырмаларымызды орындап жатырмыз. 27 қараша – 8 желтоқсан аралығында Сирияда азаматтық төңкеріс болды. Бірақ біз орналасқан Голан биіктігінде аса қақтығыстар болған жоқ. Біздің БҰҰ-ның базаларына, ондағы жеке құрамға әсерін тигізген жоқ. 

Қазақстандық бітімгерлер 11 айда аумақты аса қауіпті 200-ден астам минадан тазартты. Әрі сақтау мерзімі аяқталған 300-дей жарылғыш заттың көзін жойды.  

Нұржан Нұрбекұлы, жедел штабтың офицері:

- Екі жақтың да Сирия мен Израильдің бізге деген көзқарастары жақсы. Жергілікті халықпен біздің тікелей байланысымыз жоқ. Тек өз жұмысымызды орындаймыз. Кей уақыттарда мысалы жарылғыш заттарды жоюға барғанда сол кезде байланысқа шығамыз. Сол уақытта оларға алдын ала ескертеміз.  

Бітімгерлердің қызметі оңай емес. Әсіресе ауа температурасы 40 градустан асатын күннің ыстығында қиын. Соған қарамастан бейбітшіліктің символы саналатын көк каска мен бронды кеудешені шешуге қатаң тыйым салынған. Әрі барлық нұсқау тек ағылшын тілінде жүргізіледі. 

Жігер Айыпов, ҚР Ұлттық бітімгершілік контигентінің Голан жоталарындағы командирі:

- Ағылшын тілін еркін білу тек командалық құрамға міндет. Өйткені барлық пәрмен, бұйрық жоғары штабтан тек ағылшын тілінде келіп түседі. Және штабтар арасындағы қарым-қатынас жұмыстар ағылшын тілінде өткізіледі. Барлығы миссияға келмей тұрып, өзіміздің Қазақстанда жеке құрам ағылшын тілі курсынан өтеді.

Бітімгерлер Қазақстандағы қызметіне байланысты 3 еселенген айлық алады. Әрі БҰҰ-дан да төлем қарастырылған. Бұл жайт Мәжіліс қабырғасында көтерілген еді.   

Шайх-Хасан Жазықбаев, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары:

- БҰҰ Қазақстанның аталған миссияға қатысқаны үшін жылына шамамен 5 млн доллор төлем жасайды. Оның 2,4 млн-ы жеке құрам төлемі. Қалған 2,6 млн доллор техниканы, қару-жарақ пен мүлікті жалға алғаны үшін... Бұл ретте Әр бітімгерге 1448 доллар мөлшерлеме бекітілген.  

Қазақстан халықаралық бітімгерлік миссиясына қатысатын Орталық Азиядағы жалғыз мемлекет. Жауынгерлеріміз осыған дейін Ирак, Ливанда да бой көрсетті. Ал Сириядағы бітімгерлер алдағы наурыз айында елге оралады.   

Мерей Қанапия, тілші:

- Қазақстандық бітімгерлер Голан жоталарынан бөлек Африка елдерінде қызмет етіп жатыр. Мысалы, Батыс Сахарада 6 адам болса, Конгода екеу, Орталық Африка Республикасында тағы 2 адам бар. Олардың уақыт өте жұмысы аяқталған соң орындарына кезекті ротация жұмылдырылады.

Мерей Қанапия, Жандос Битабаров, Берік Шаров