Депутат ТikTok желісінің балаларға тигізіп жатқан әсеріне алаңдаушылық білдірді
Тикток желісін шектеу қажет.
Себебі балалар мен жастар тәрбиесіне теріс әсері күшейіп барады.
Мәселе мәжіліс мінберінен тағы көтерілді. Депутат Жанарбек Әшімжан елде жеделдетіп ТикТок-қа шектеу қою мәселесін қарастырғанымыз жөн, деді. Оны шамадан тыс қолданудың психологиялық, әлеуметтік салдары мен балалар денсаулығына зияны зор. Депутаттың айтуынша, Үкімет ТикТоктағы әдепке, ұлттық құндылықтарымызға қайшы келетін, теріс әдеттерге шақыратын контентке шектеу қоюы қажет. Әсіресе кәмелетке толмаған балалардың пайдалануына қатаң шектеу немесе толық тыйым салу керек деп есептейді. Кейінгі екі жылда тикток әлеуметтік желісін пайдаланушы қазақстандықтар саны 14 млн бір жүз мыңға жеткен. Олардың көбі балалар мен жастар. Бүгінде көрші елдеріміз ТикТок желісіне ішінара немесе толық шектеу қойып үлгерді. Еуроодақ та мәселені заңмен реттеуге көшкен. Қытайда бұл платформа қолжетімді емес, -деді депутат.
Жанарбек Әшімжан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Ұрпағымызды ТикТоктан келер азғындықтан арашалап қалу үшін осы мәселені тағы көтеруімізге тура келіп отыр. Онда пайдалы контенттен гөрі жастарға теріс әсер ететін зиянды ақпараттар өріп жүр. Құмар ойындарды жарнамалау, стримдер арқылы әдепсіз әрекеттер көрсету, боқауыз сөздер, порнография, суицидке шақыру, діни уағыздардың оңды-солды таралуы, буллинг, тыйым салынған заттардың жарнамасы секілді теріс әрекеттерге шақыратын лас ақпараттар осы ТикТок арқылы таралуда. Жасөспірімдердің ТикТоктан көргенін қайталап, жағымсыз қылық пен әдепсіз іске үйір болып бара жатқаны да жасырын емес.