Қазақстан мен Түркия арасында фитосанитариялық бақылау талаптары күшейтіледі

Қазақстан мен Түркия арасында фитосанитариялық бақылау талаптары күшейтіледі. Демек Түркиядан әкелінетін өсімдік тасымалына, фитосанитариялық сертификаттауға қатысты арнайы талап қойылады.

Бүгін Сенат қос ел арасындағы өсімдіктер карантині және оларды қорғау жөніндегі Заңды мақұлдады. Құжат екі мемлекет аумағында карантиндік зиянды өсімдіктердің таралуына жол бермейді. Бұл тұста ғылыми-зерттеу институттар арасындағы  ынтымақтастықты дамыту қажеттігі айтылды.  Мәселен, соңғы үш жылда Қазақстаннан Түркияға 700 мың тонна өсімдік өнімі экспортталды. Ал Түркиядан 40 мың тоннаға жуық ауыл шаруашылығы дақылы мен 2,7 мың тұқым импортталған. Барлық карантинге жатқызылған өнімдер фитосанитариялық бақылаудан өтеді. Мәселен осы үш жылда Түркиядан әкелінген өнімнің 76 партиясы талапқа сай болмай шыққан.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:

- Қаралған келісім Қазақстан мен Түркия арасында өсiмдiктер карантині саласындағы бірлескен іс-шараларды регламенттейтін құқықтық негіз қалыптастырады. Осы мақсатпен келісім аясында фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және карантиндік зиянды организмдердің таралуын болдырмауға бағытталған нақты ережелер қарастырылды. Жалпы мақұлданған заң мемлекеттеріміздің арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға оң септігін тигізеді деп сенеміз.