Сенат Төрағасы ғалымдармен кездесті
Қазақстанда соңғы 4 жылдың ішінде ғылымды қаржыландыру 3 есе ұлғайды.
Адами капитал – ғылыми дамудың негізі. Сондықтан ғалымдарды және ғылымдағы жас буынды жан-жақты қолдау үшін қажетті жағдай жасалып, жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Бүгін Алматыда «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңды іске асыру мәселелеріне арналған басқосуда, Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев осылай деді. Кездесуде заңнамаға енгізілген түзетулер талқыланып, инновацияларды өндіріске қосу жөнінде ұсыныстар айтылды.
Сенат Төрағасы Мемлекет басшысының тапсырмасымен ғалымдарды қолдауға арналған маңызды бастамалар іске асырылып жатқанын айтты. Ұлттық ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе берілуі отандық ғылымның ілгерілеуіне жаңа мүмкіндіктер ашты. Соның нәтижесінде қаржыландыру ұлғайды. Тау-кен саласында жұмыс істейтін компаниялар отандық ғылыми жобаларды өндіріске енгізе бастады. Мәулен Әшімбаев ғылыми зерттеулерге қолдау жасалатындығына тоқталып, елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыру ісінде ғалымдарды аянып қалмауға шықарды.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елімізде ғылымды дамыту мәселесіне әрдайым баса мән беріп келе жатқанын өздеріңіз жақсы білесіздер. Шын мәнінде, бұл сала елімізді дамыту жолында стратегиялық маңызға ие. Осы саланы стратегиялық тұрғыдан дамытуға бағытталған «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заң қабылданды. Заң ғылымды басқарудың жаңа үлгісін қалыптастыру жолында маңызды қадам болды. Экономикаға ғылыми жетістіктерді енгізуге, сондай-ақ ғылыми-техникалық және инновациялық қызметті тиімді үйлестіруге жол ашты. Заңның қабылдануы ғылым саласындағы ауқымды реформаларға тың серпін бергені анық».
Зерттеулерде жаһандық трендтер мен экономикалық стратегия ескерілуі тиіс. Аграрлық ғылым, экология, су және ресурс үнемдеу, химия және мұнай-газ өнеркәсібіндегі шикізатты өңдеу, баламалы және атом энергетикасын дамыту сияқты салалар назарда болуы керек. Жиында жасанды интеллект, биотехнология, заманауи медицина, гендік инженерия және ғарыш саласының рөлі мен болашағы да кеңінен сөз болды. Ғалымдар заңнамаға қатысты өз ойларын ортаға салды.
Мақсат Жабағин, ҚР Президенті жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясы жас ғалымдар кеңесінің төрағасы
«Мына жаңа заңның аясында өңірлерді, әрбір облысты, Шымкент, Астана, Алматы қалаларының жанында өзінің ғылыми кеңестері ашылу қажет. Ол осы өңірлік бюджеттен ғылымға арнайы қандай қаражат қажет. Оны бөлудің мәселелерін айқындайды».
«Кездесуде айтылған идеялар мен ұсыныстар мұқият зерделеніп, Сенаттың алдағы заңнамалық қызметінде ескеріледі», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сапар барысында Сенат Төрағасы Абай атындағы дарынды балаларға арналған республикалық орта мектеп-интернатының құрылысымен танысты. Ұлттық Ғылым академиясының ғимаратына барды. Сонымен бірге «Қазпошта» АҚ халықаралық логистикалық хабының ұжымымен де кездесті.
А.Садуақас, К.Амраев