Ерлан Қариннің қатысуымен ІІ республикалық уағызшылар форумы өтті
Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Қоғамда ізгілікті насихаттаудың мәдениеті» тақырыбына арналған уағызшылардың ІІ республикалық форумы өтті.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин, Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, сондай-ақ еліміздің әр өңірінен келген дін қызметкерлері мен уағызшылар қатысты. Мемлекеттік кеңесші жалпыұлттық құндылықтарды дәріптеу тұрғысынан, бұл іс-шараның маңызды екеніне тоқталды. Атап айтқанда, қазір қоғамда бірлік пен ынтымақ, заң мен тәртіп, әділдік пен жауапкершілік сияқты құндылықтарды насихаттаудың айрықша мәні бар екеніне назар аударды. Жиынға қатысушылар діни ағартушылық қызмет, ең алдымен, дәстүрлі құндылықтар мен отбасы институтын дәріптеуге, қоғамды ұйыстыруға бағытталуы керек екенін атап өтті. Бұл форум діни ағарту ісінің, өзекті мәселелерін талқылау, тәжірибе алмасу және рухани құндылықтарды орнықтыру үшін жаңа тәсілдерді әзірлеуге арналған бірегей алаң саналады.