ШЫҰ-ның 2025 жылға жоспары таныстырылды

Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына биыл төрағалық жасайтын Қытай Халық Республикасы 8 бағытқа басымдық беруді көздеп отыр, деп хабарлайды 24KZ. Атап айтқанда, азық-түлік қауіпсіздігі, денсаулық сақтау саласы, қолжетімді қаржыландыру мен климаттың өзгеруі сияқты салмақты салаларды қамтымақ. Бұл туралы Ташкентте өткен Шанхай Ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің елшілері бас қосқан жиында айтылды.

Шанхай Ынтымақтастық ұйымы 1996 жылы 5 мемлекеттің ұйытқы болуымен құрылды. Қазақстан, Қытай, Ресей, Тәжікстан мен Қырғызстан қауіпсіздік мақсатта әскери ынтымақтастық жасауға келісті. Көп ұзамай ұйымның бағыты мен ұстанған саясаты кеңейіп, экономикалық, мәдени гуманитарлық салаларды қамтыды.

Мұрат Бахадиров, саясаттанушы:

- Шанхай Ынтымақтастық Ұйымында Орталық Азия елдері ерекше рөлге ие.  Ұйымның ауқымы кеңейіп, саны ұлғайғанымен, Орталық Азияға қатысты кез келген мәселе маңызды болып қала береді. Себебі Орталық Азия елдері – ұйымның негізі діңгегі. Бастапқыда Шанхай бестігі қауіпсіздік мақсатта құрылған. Ал қазір барлық сала бойынша тең дәрежеде дамып жатыр. Бұл өзара сенімінің арқасында осы күнге жеткен ауқымды жоба.

Өзбекстандағы Қытайдың төтенше және өкілетті елшісі Юй Цзюннің айтуынша, ресми Бейжің биылғы төрағалығында 8 сала бойынша ұйымның жұмысын ілгерілетуге басымдық береді. Экономикалық байланыстардан тыс, жаһандық проблемаға айналған климаттың өзгеруіне қатысты да оң қадамдар жасалмақ. Сондай-ақ 40-қа жуық кеңес өткізу жоспары тұр. Оның ішінде саяси партиялар форумы мен халық дипломатиясы форумы сияқты ауқымды шаралар бар.

Юй Цзюнь, ҚХР Өзбекстандағы төтенше және өкілетті елшісі:

- Бұл шаралар ШЫҰ мүше елдердің ынтымақтастығын арттырып, диалог орнатуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ биыл Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл толады. Фашизмді жеңген айтулы оқиға ұйымның ерекше назарында. Түрлі шаралар ұйымдастырылып, саммит аясында қортынды құжат қабылданады.

10 мемлекет мүше Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының көкжиегі кеңейіп келеді. Қатарға қосылуға ниет білдіруші елдер де аз емес. Демек ұйымның ұстанған бағыты мен мемлекеттердің бір-біріне деген тең көзқарасы, ынтымақтастық ұғымына жаңа леп бергендей.

Авторы: Дулат Нуркин