Теміртауда жастар саясаты жөніндегі кеңестің көшпелі отырысы өтті
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Қарағанды облысының Теміртау қаласында Президент жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Жиында жастарды жұмыспен қамту және жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру жайы сөз болды. Көшпелі кеңес өңірдегі ірі өндірістік кәсіпорындардың бірі «Qarmet» металлургиялық комбинаты алаңында өтті.
Бұдан бөлек, мемлекеттік кеңесші өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев, қала және аудан әкімдері, аймақтағы мемлекеттік органдар басшыларының қатысуымен ішкі саясат мәселелері бойынша жиын өткізді. Онда Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың IV отырысында айқындап берген міндеттерін жүзеге асыру және ішкі саясат саласындағы жұмыстың негізгі бағыттары қаузалды. Сондай-ақ қоғамдық консолидацияны, этносаралық және конфессияаралық келісімді, ономастика, ақпараттық және жастар саясаты мәселелерін нығайту жайы да назарға алынды. Оның негізінде нақты ұсыныстар әзірленді. Мемлекеттік органдарға жастар саясаты және мәдени-гуманитарлық даму саласындағы ішкі саяси жұмысты жетілдіру жөнінде тапсырмалар берілді.