Мемлекеттік кеңесші Ұлттық құрылтайдың бірқатар мүшесімен кездесті

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин ішкі саясат мәселелерін пысықтау үшін Ұлттық құрылтайдың бірқатар мүшесімен кездесті, деп хабарлайды 24kz.

Жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдағы бастамалары талқыланды. Мемлекет басшысы 1 сәуір күні бұл бастамаларды жүзеге асыру туралы Жоспарға қол қойған болатын. 53 тармақтан тұратын құжатты Президент Әкімшілігі Үкіметпен бірлесе отырып әзірледі. Бұған қоса, таяуда 100-ден астам бастамадан тұратын Ұлттық құрылтай мүшелерінің ұсыныстарын қараудың жоспары бекітілді. Ұсыныстарды талқылау барысында ішкі саясат саласына қатысты біртұтас кешенді құжат даярлау қажеттігіне баса мән берілді. Мемлекеттік кеңесші бұл құжаттың түрлі тараптар қатысуымен бірнеше айдан бері әзірленіп жатқанын атап өтті. Ерлан Қарин жаңа құжаттың негізгі мақсаты – мемлекет пен қоғам арасындағы байланысқа арқау болатын қағидаттарды, идеологемаларды және құндылықтарды айқындау және жинақтау екеніне назар аударды. Құрылтай мүшелері өз кезегінде бұл құжаттың қабылдануы ішкі саясат саласындағы негізі акторлар үшін басымдықтарды айқындауға мүмкіндік беретінін, мемлекеттік органдардың осы бағыттағы жұмысын бір жүйеге келтіруге ықпал ететінін атап өтті. Құжат жобасы алдағы уақытта сарапшылар және азаматтық қоғам өкілдерімен бірге тағы да талқыланады.