Е. Қарин сарапшылармен бірге ішкі саясат мәселелері жөнінде жиын өткізді
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин сарапшылармен бірге ішкі саясат мәселелері жөнінде жиын өткізді.
Басқосуды Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырды. Кездесуге белгілі саясаттанушылар мен әлеуметтанушылар қатысты. Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Ұлттық Құрылтайда көтерген бастамаларын жүзеге асырудың жолдары мен тәсілдері талқыланды. Ішкі саясат саласына қатысты біртұтас кешенді құжатты даярлау үрдісіне баса назар аударылды. Айта кетейік, құжаттың негізгі жобасын Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты даярлаған. Бұған қоса осы жұмысқа Ұлттық құрылтайдың мүшелері қатысты. Пікір алмасу барысында Мемлекеттік кеңесші бұл ішкі саясат саласына қатысты кешенді құжатты дайындау және қабылдау, түптеп келгенде мемлекеттік органдар қызметін жүйеге келтіру жолындағы ауқымды үдерістің бір бөлігі екенін атап өтті. Құжатта мемлекеттік саясаттың ішкі саясат саласындағы негізгі қағидаттары, тұжырымдары және бағыттары ретке келтіріледі. Ал сарапшылар құжат мемлекеттік органдар қызметіне бағдар беріп қана қоймай, азаматтық қоғам өкілдері мен сарапшылар үшін де ішкі саясат саласындағы негізгі басымдықтарды түсіндіруге жол ашатынын жеткізді. Жиынға қатысушылар құжат жобасын жетілдіруге және толықтыруға қатысты ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды. Мұндай кездесулер алдағы уақытта да ұйымдастырылады.