Қазақстан мен Вьетнамның стратегиялық ынтымақтастығы нығаяды
Қазақстан мен Вьетнам екі жақты стратегиялық ынтымақтастығын нығайтуға мүдделі.
Бұл туралы Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Бас хатшысы То Ламмен кездесуі кезінде айтылды.
Мәулен Әшімбаев өз сөзінде мейманды аталған елдегі маңызды мейрам – Бірігу күнінің 50 жылдығымен құттықтады. Сонымен қатар Сенат спикері парламентаралық деңгейде өзара іс-қимылды одан әрі дамытудың маңызды екеніне назар аударды. Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту бойынша пікір алмасты. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы, логистика, ақпараттық технологиялар және басқа да бағыттарда өзара іс-қимылды жандандыру барысы сөз болды. Өз кезегінде То Лам Қазақстанда жүргізіліп жатқан қоғамдық-саяси өзгерістерге жоғары баға берді.