Абай облысы мен Қытайдың Шәуешек аймағының арасындағы ынтымақтастық артады

Абай облысының әкімі «Үлкен Алтай» субөңірлік конференциясы аясында Қытайдың Шәуешек аймағының партия хатшысы Чжи Сяньвэймен кездесті.

Жүздесу барысында екі жақты ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды. Берік Уәли өңірдің транзиттік әлеуетін арттыру мүмкіндігіне тоқталып, Алакөл туристік аймағының инфрақұрлымын бірлесе дамытуға шақырды. Өз кезегінде Чжи Сяньвэй  "Аягөз-Тачэн" темір жол желісі мен "Семей- Шәуешек" бағытындағы әуе рейстерін ашуға мүдделі екендігін білдірді. Сондай-ақ Бақты кеден бекетінің жұмысын жандандыруға байланысты ұсыныстарын жеткізді. Берік Уәли кездесуді қорытындылап "Аягөз-Тачен" темір жолының құрылысы Президент тапсырмасына сәйкес биыл басталатынын жеткізді.

Син Чи Тао, Шәуешек округінің халықаралық істер жөніндегі хатшысы:

- Кездесу нәтижелі болды. Шекаралық мәселелер мен туризм саласына қатысты ұсыныстар айтылды. Бұл екі жаққа да тиімді. Осыны негізге ала отырып, жұмысты жалғастырамыз. Жақын арада осы жерде айтылған мәселелерді тағы бір пысықтау үшін екі жақты сапар ұйымдастыруды жоспарлаймыз.