Өскелең ұрпақ тәуелсіздігімізді қорғауға қашанда дайын болуы керек — Президент

t.me/aqorda_resmi

«Біз тағдырдан теперіш көрдік деген ойдан арылуымыз қажет. Өткенге жалтақтау – әлсіздіктің белгісі». «АЛЖИР» саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының мемориалды-мұражай кешеніне барған Президент осылай деді. Ескерткішке гүл шоғын қойып, боздақтар рухына тағзым етті. Жиналғандарға төл шежіремізді мұқият зерттеп, терең білу керегін айтты. Өйткені ұлттың тарихын білмей, ең бастысы оны терең түсінбей, қазіргі заманғы түрлі саяси үрдістер туралы дұрыс пайым жасау мүмкін еместігін жеткізді.

Өткенге үңілсек, көмейге өксік тығылады. Кеңес одағында халық қылыштың жүзі, найзаның сүңгісінде болды. Саяси қуғын-сүргін өмір сүру түгілі күнелтуге дес бермеді. Адамдар аштықтан қынадай қырылды. Сондай болашағы бұлдыр күннің өзінде сағын сындырмай, қиындық атаулыға қасқая қарсы тұрған ұлт неткен төзімді еді. Ұрпағы сол зобалаң жылдарды ұмытқан жоқ. Мемлекет басшысы боздақтардың рухына тағзым етіп, бір минут үнсіздікпен еске алды.

Кеңес дәуірін тарихшылар қауымы «тоқырау» деп атады. Тек билік бекіткен жоспар, көбейтіп көрсететін экономика, жалаң ой, жадағай пікір қоғамды тығырыққа тіреді. Сонысымен қоймай Сталиндік репрессия ұлтымыздың нар ұлдарын жалмап кетті. Әйелдері қасіретті жер – АЛЖИР-ге жазықсыз жабылды. Қазақстанда сондай ГУЛАГ жүйесімен 11 лагерь орналасқан.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Саяси қуғын-сүргін тек қазақ халқының басына түскен зобалаң емес. Мысалы, АЛЖИР-де 60-тан астам этнос өкілдері қамауда болды. Сондықтан сол қасіретті дәуірдің құрбаны болған, зардабын тартқан жұрттың бәрі осы нәубеттерден сабақ алуы керек. Мұндай кесапат ешқашан қайталанбауға тиіс. Ал қазіргі тарихи заманда бұл тек өзімізге ғана байланысты. Ұлт жылнамасындағы қаралы кезеңдерді жадымызда жаңғыртудың түпкі мәні осында.

«Біздің мойнымызда қастерлі борыш бар», – деді Президент. Төл тарихтың ақтаңдақ беттерін ашу – ата-бабалар мен келер ұрпақ алдындағы парыз. Осы мақсатта 5 жыл бұрын саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Басқа шаруаны қойып, басыбайлы бір іспен айналысты. Себебі шындық көп, ақиқат жалғыз. Ал ақиқат архивтерде. Сонымен саяси қуғынға ұшыраған 300 мыңнан аса адам ақталды. 2,5 млн-нан артық материалдың құпия белгісі алынып тасталды. 72 томдық жинақ дайындалды. Алашорда қайраткерлеріне қатысты істер 12 том боп жарық көрді. Бұған қоса Президент архивінің жанынан ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін құжаттарын зерттеумен айналысатын арнайы орталық ашылды. Бұрын құпияланған 700 мың құжат сонда тапсырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ашығын айтуымыз керек, басқа мемлекеттерде осындай көлемді зерттеулер әлі жасалған жоқ. Мұның бәрі – зерттеуші мамандардың қажырлы еңбегінің нәтижесі. Мен ел тарихын зерделеуге белсене атсалысқан барша азаматтарға, соның ішінде Комиссия мүшелеріне шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Олардың еңбегі міндетті түрде марапатталады. Қазіргі таңда ғалымдарымыз жиналған деректерді жүйелеп, бір ізге түсіріп жатыр. Бұл ұлт келешегіне қажетті аса маңызды жұмыс.

Кемеңгер Әбіш Кекілбаев бостандық ұлтты бодандықтан да қатты сынайтынын айтқан. Демек сын-қатерден сүрінбей өту үшін бір нәрсені ескеру керек. Президент: «Тәуелсіздік – бәрінен қымбат қастерлі ұғым екенін санаға сіңіріп, жалпыұлттық бірлікті көздің қарашығындай сақтап, мемлекеттігімізді нығайту маңызды», – деді

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Миллиондаған адамның тоталитаризм құрбаны болғанын жадымызда сақтау – қастерлі парызымыз. Тарихты бұрмалауға, сол кезеңдегі мемлекеттің адамгершілікке жатпайтын зұлым саясатын ақтауға мүлдем болмайды. Сондай-ақ тарихты саясаттың қолшоқпары етіп, популистік идеяларды насихаттайтын, ел ішіне іріткі салатын құрал ретінде пайдалануға жол бермеуге тиіспіз. Біздің қоғамда жоғары азаматтық жауапкершілік салтанат құруға тиіс.

Жиынға жастар да қатысқан болатын. Қасым-Жомарт Тоқаев оларға төл тарихымызды терең білу керегін жеткізді. Бірақ бұл тек өткен күнмен өмір сүру деген сөз емес. Әрбір жас келешекке айқын көзқараспен қарап, нық қадам басу керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазіргі заман өте күрделі, бұрын болмаған үрдістер пайда болып жатыр. Жасанды интеллектінің бүкіл қоғамдық дамуға қандай ықпалы болмақ екені әлі толығымен зерттелмеген. Адамзатқа төнетін қауіп-қатерлер аз болмайды. Сондықтан ең алдымен жастарымыз бұлыңғыр келешекке толық дайын болуға тиіс. Бұл мақсатқа жету үшін өскелең ұрпақтың көзі ашық, көкірегі ояу, ұқыпты, тәртіпті, жинақы болуы керек. Абайша айтқанда, ғылым таппай мақтанбауы қажет. Егемен ел болудың қадір-қасиетін түсініп, тәуелсіздігімізді қорғауға қашанда дайын болуы керек. Сонда біздің мемлекеттілігіміз мығым, болашағымыз баянды болары хақ. Мен отаншыл ұл-қыздарымыздың жасампаз күш-жігеріне сенемін.

Мемлекеттің басты бағдары «заң және тәртіп» болуы тиіс. Елдегі жүргізіліп жатқан реформалардың мақсаты да осы. Президент бұл тарихи мағыналы жұмыстың тоқтамайтынын, ұлттық болмысты бекемдеп, ынтымақ-бірлікті нығайта беретінімізді жеткізді.

Авторы: Нысаналы Ығыл