Президент съездің сыйлы қонақтарымен кездесті
Мемлекет басшысы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII cъезіне келген Мәскеу және бүкіл Ресей патриархы Кириллмен кездесті, деп хабарлайды 24kz.
Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі жүздесу Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықты тереңдету жолындағы тағы бір маңызды қадам екенін атап өтті.
Президент сондай-ақ Израильдің бас ашкеназ раввині Кальман Бермен, Израильдің бас сефард раввині Давид Йосефпен, Американың ірі еврей ұйымдары президенттері конференциясы атқарушы төрағасының орынбасары Малькольм Хонлайнмен де жүздесіп, өзара пікір алмасты.
Ал Иерусалим Патриархы III Феофилмен кездесіп, мейманға ілтипат білдірген Мемлекет басшысы, оған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне ұдайы қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін алғыс айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Біріккен ұлттар ұйымы Бас хатшысының Өркениеттер альянсы жөніндегі жоғары өкілі Мигель Анхель Моратиносты да қабылдады. Президент мейманды Біріккен ұлттар ұйымының ислам фобиясымен күрес жөніндегі арнаулы өкілі болып тағайындалуымен құттықтады.
Президент Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIІI съезіне қатысып жатқан Қытай делегациясымен де кездесіп, жаһандық өркениетаралық диалогты дамытуда Қытайдың сындарлы рөл атқаратынын, сондай-ақ бұған Қытай Төрағасы Си Цзиньпин зор үлес қосқанын атап өтті.
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезі алаңында Қасым-Жомарт Тоқаев Кавказ мұсылмандары басқармасының төрағасы Шейх-уль-ислам Аллашүкір Пашазадемен де жүздесті. Мемлекет басшысы дінаралық диалогты ілгерілету, мемлекеттер арасындағы сенімді нығайту мәселелерінде Қазақстан мен Әзербайжанның ұстанымдары ортақ екеніне тоқталды.
Мемлекет басшысы Біріккен Араб Әмірліктері ислам және уақыптар істері жөніндегі бас басқармасының төрағасы Омар Хабтур әл-Дареймен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Омар Хабтур әл-Дарей әлемдегі рухани ахуал мәселелері жөнінде пікір алмасып, түрлі конфессиялар арасында өзара түсіністік пен үйлесімді нығайтуға бағытталған бірлескен күш-жігердің өзектілігіне тоқталды.